15.01.2025

"Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді

https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000153


«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы № 153 Қазақстан Республикасының Заңынан


1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
5. "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:
"1-1-бап. Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүддесінде Қазақстан Республикасының тарихи-құжаттамалық мұрасының сақталуын қамтамасыз ету үшін құқықтық негіздер құру осы Заңның негізгі мақсаты болып табылады.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) архив ісін және басқарудың құжаттамалық қамтамасыз етілуін реттеу;
2) Ұлттық архив қорының құжаттарын жинау, қалыптастыру, жинақтау, сақтау мен пайдалану, ретке келтіру және есепке алу;
3) қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру.

3. Осы Заңның негізгі қағидаттары мыналар болып табылады: 1) архив ісін ұтымды басқару; 2) заңдылық; 3) пайдаланушылардың шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітусіз Ұлттық архив қорының құжаттарына тең қол жеткізуі; 4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау."; 2) 18-баптың 2-тармағында: 1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: "1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;" 2-3), 2-7), 3), 7), 9) және 18) тармақшалар алып тасталсын; мынадай мазмұндағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын: "18-1) осы Заңның мақсатына, міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту;". 2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1, 2, 3, 4, 7, 11, 14, 15 және 19-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.