30.10.2024
Президент Архиві Францияда өткен халықаралық конференцияға қатысты
2024 жылғы 28-29 қазанда Францияда «Халықаралық түсіністік пен ынтымақтастық тоғысында» тақырыбында ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық конференциясы өтті. Форум аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина құжаттық мұраны пайдалану мәселелеріне арналған арнайы үкіметтік кеңесте сөз сөйледі. Өз сөзінде директор 2024 жылдың қазан айында Қазақстанда екінші рет ұйымдастырылған архившілер конгресіне тоқталып, бұл форумның архившілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу алаңына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Президент Архиві жастарды тарих пен құжаттық мұраны зерттеуге ынталандыратын жобаларды іске асырып жатқанын айтты. Мысал ретінде Ұлыбританияның Ұлттық архивінің өкілі Эндрю Пэйн өткізген білім беру саласында архив коллекцияларын пайдалану жөніндегі семинарды, Satbayev University және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған «Smart Архив» хакатонын, Жас архившілердің жазғы мектебін, архивтану бойынша олимпиадаларды және «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» атты оқушылар байқауын атап өтті.
29 қазанда ҚР Президенті Архивінің делегациясы «Саясаттан тәжірибеге» тақырыбындағы жаһандық саяси форумға қатысты. Бұл форум Францияда ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық конференциясының аясында өтуде. Форумның ашылуында ЮНЕСКО жанындағы Жапонияның Тұрақты өкілі, елші Такехиро Кано сөз сөйледі. Ол өз сөзінде құжаттық мұраның сақталуы тек бір қауымдастықтың немесе елдің ғана мәселесі емес екендігін, мұраны сақтау бүкіл адамзаттың ортақ мақсаты екенін атап өтті. Форум үш сессиядан тұрды, онда архив мекемелерінің төтенше жағдайларға дайындығы, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардан кейін қайта қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Латиноамерика және Кариб аймағы елдерінің архивтерді табиғи апаттарға дайын болуы үшін секторлар арасындағы желі құру тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өзара ынтымақтастық құру мәселесі қарастырылды. Қорытынды сессияда халықаралық сарапшылар кітапханалар мен архивтердің өзекті мәселелеріне қоғам назарын аудару тәжірибесімен бөлісті. Олар өз тәжірибелері арқылы осы саладағы маңызды проблемаларды шешуге көмектесетін ұтымды стратегиялар мен шешімдерді қарастырды.