03.10.2024
«Деректерді басқару жүйелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел
Конгресс аясында «Деректерді басқару жүйелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның модераторы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы Р.К. Ускенбаева және «Өзархив» агенттігінің директоры У.М. Юсупов болды. Дөңгелек үстел тақырыбы цифрлық архивтердің бағдарламалық бөлігіне жауапты мамандардың ерекше назарын аударды. Талқылауда мамандандырылған бағдарламалық жасақтаманы дайындау және жүйеге енгізу мәселелері айтылды. Сондай-ақ киберқауіпсіздікке байланысты сын-қатерлерге қатысты маңызды тақырыптар қозғалды. Дөңгелек үстел барысында «Өзархив» агенттігінің ақпараттық қызмет басшысы, директордың ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі А.О. Алиев баяндама жасады. Ол агенттіктегі ашықтықты қамтамасыз ету әдістері туралы айтты.
Ал Молдова Республикасы Ұлттық архив агенттігінің Е-Архив және цифрландыру бөлімінің меңгерушісі А. Аржинт өз еліндегі архив қызметінің өткені, бүгіні және алдағы даму бағыттарына тоқталды. Satbayev University проректоры Р.К. Ускенбаева университетте жүзеге асып жатқан деректерді басқару шешімдерін баяндады. Сондай-ақ «ДИМИ-ЦЕНТР» ЖШҚ бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Ю.Ю. Юмашева архивтегі цифрлық ақпараттардың тарихы мен қазіргі жағдайын айтса, Польша ұлттық жады институтының цифрлық архивтерді басқару және дамыту бөлімі басшысының орынбасары М. Дабровски IPN архивтік ақпараттық жүйелерінің эволюциясын ұсынды. ҚХР Мемлекеттік архив басқармасының Ғылыми технология және ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Д. Дашэн Қытайдағы «ақылды архивтердің» тұжырымдамасы мен тәжірибесіне тоқталды.