17.06.2024

«Қазақстанның театр өнері архивтік құжаттарда» көрмесі

2024 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттары негізінде дайындалған «Қазақстанның театр өнері архивтік құжаттарда» көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрме Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының 90 жылдығына арналған музыкалық қойылымдардың I театр фестивалінің салтанантты ашылу рәсімі аясында таныстырылды. Көрмеде ұйғыр театрының құрылуы мен қалыптасу тарихын бейнелейтін бірегей құжаттар қойылды. Олардың ішінде ұйғыр театры туралы 1934 жылғы 3 тамыздағы БКП(б) Алматы облыстық бюро мәжілісінің №58 хаттамасынан үзінді, Өлкелік театрлардың 1936 жылғы репертуары, 1941 жылы Ұйғыр облыстық театрының Шелек ауылына көшіру туралы қаулы, театрлардың 1941 жылға арналған гастрольдік кестесі бар.

Сондай-ақ көрмеде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің қорларынан алынған ұйғыр театры тарихының фотоқұжаттары мен кинохроникасының кадрлары ұсынылды. Көрмемен танысқан қонақтар фестиваль бағдарламасына сай «Анархан» музыкалық драмасын көруге шақырылды. Мәдениет ошағы 1934 жылы құрылған кезде дәл осы «Анархан» қойылымымен шымылдығын ашқан болатын әрі осы күнге дейін ұйғыр театрының репертуарынан түспеген көрермен көзайымына айналған туындылардың бірі.