30.05.2024

«Қазақстан халқының тарихи жады: тарих және қазіргі заман» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған форум

2024 жылдың 29-30 мамырында Қарағанды қаласында С.Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» /«Память во имя будущего» халықаралық жобасы аясында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Қазақстан халқының тарихи жады: тарих және қазіргі заман» форумы өтті. Форумды Қазақстан Халық Ассамблеясы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлтаралық қатынастарды дамыту комитеті Қарағанды облысының әкімдігімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих институтымен, Сәкен Сейфуллин мұражайымен, С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану мұражайымен, Қоғамдық келісім РММ-мен серіктесе отырып ұйымдастырды.

Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Форумның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің 20 ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Г.Р. Нұрымбетова сөз сөйлеп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, мұндай жағдай қайталанбауы үшін оны жаңа ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз екенін атап өтті. Форум барысында қатысушылар назарына Президент Архивінің 20 ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы дайындаған «Сәкен Сейфуллин архивтік құжаттарда» тарихи-құжаттық көрмесі ұсынылды. Көрмеге С.Сейфуллиннің Президент Архивіндегі жеке ісінен алынған фотосуреттер мен құжаттар: сауалнамалар, мінездемелер, айыптау қорытындылары, хаттамалардан үзінділер, қамауға алу ордері, фотосуреттер және басқа да құжаттар қойылды. Экспозициямен Президент Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының екінші санатты мұрағатшысы Қарабек Дидар таныстырды.