06.11.2026

Архив мамандары Сыртқы істер министрлігінің 80 қызметкеріне семинар өткізді

5-6 қарашада ҚР Президенті Архивінің мамандары ҚР Сыртқы істер министрлігінің 80 қызметкеріне архивтік құжаттарды сақтау және құжаттаманы басқару мәселелері бойынша екі күндік семинар өткізді. Қатысушыларға құжаттармен жұмыс істеу тәртібі, оларды сақтау және сараптау талаптары түсіндірілді.

Семинардың алғашқы күні министрлік қызметкерлері үшін офлайн форматта ұйымдастырылып, оған 27 адам қатысты. Екінші күні оқыту онлайн форматта жалғасып, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің 50-ден астам қызметкерлерін қамтыды.

Бағдарлама аясында Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің бас сарапшысы Амангүл Ермағамбетова құжаттарды ведомстволық сақтауға тапсыру тәртібі туралы баяндама жасап, оларды жүйелеу, есепке алу және сақтауға дайындау кезінде ескерілуі тиіс негізгі талаптарды түсіндірді.

Аталған қызметтің жоғары санатты архившісі Қарлығаш Мырзабекова құжаттардың құндылығына сараптама жүргізудің өзекті мәселелеріне тоқталды. Ол құжаттардың тарихи маңызын айқындау, сақтау мерзімдерін белгілеу және тұрақты сақтауға жататын құжаттарды іріктеу қағидаттары туралы айтып берді.

Жыл басынан бері ҚР Президентінің Архиві мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары үшін 9 оқыту семинарын ұйымдастырды. Мұндай кездесулер архивтік құжаттармен жұмыс істеудің бірыңғай талаптарын түсіндіруге, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған.