Ғылыми кеңес

                               

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Ғылыми кеңесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Ғылыми кеңесі туралы осы Ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы № 808 «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі ережесінің 27-тармағына сәйкес әзірленді.

2. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Ғылыми кеңесі (бұдан әрі – Ғылыми кеңес) Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің (бұдан әрі – Архив) алқалы, кеңесші органы болып табылады және оның ғылыми-зерттеу, әдістемелік және жариялау жұмысын дамыту мен жетілдіру мақсатында құрылады.

3. Ғылыми кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Негізгі міндеттер

4. Ғылыми кеңестің негізгі міндеттері болып мыналар табылады:

1) Архивтің ғылыми қызметінің басым бағыттарын айқындау;

2) Архивтің ғылыми-зерттеу, ғылыми-жариялау, қолданбалы және әдіснамалық жұмысының қорытындыларын қарау және бағалау;

3) Архивтің ғылыми-анықтамалық аппаратты дамыту, архивтік ақпараттық жүйелерді әзірлеу және енгізу бойынша қызметінің нәтижелеріне сараптама жасау;

4) республиканың архивтік, ғылыми және оқу ұйымдарынан Ғылыми кеңестің қарауына келіп түскен архивтану, құжаттану, археография, деректану және Қазақстанның қазіргі заман тарихы саласындағы ғылыми-зерттеу, жариялау және қолданбалы жобалардың нәтижелерін бағалау;

5) халықаралық озық жұмыс тәжірибесін зерделеу, қорыту және тарату.

3. Функциялар

5. Ғылыми кеңес жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Қазақстанның қазіргі заман тарихы, архивтану, құжаттану, археография және басқа да ғылыми пәндер саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыттарын айқындау;

2) Архивтің архивтану, құжаттану, археография және Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша ғылыми-зерттеу және баспа жұмыстарының перспективалық және жылдық жоспарларының жобаларын қарау;

3) құжаттық жинақтардың, анықтамалық-ақпараттық басылымдардың проспект-жоспарларын, мақалалардың қолжазбаларын талқылау;

4) ғылыми еңбектерді баспаға редакциялық дайындау бойынша ұсынымдарды қарау, Архивтің архивтану, құжаттану, археография саласындағы және Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша жетістіктерін танымал етуге ықпал ететін жарияланымдарға, сондай-ақ жариялауға ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік сипаттағы жұмыстарды ұсыну туралы шешімдер қабылдау;

5) архивтану, құжаттану, археографияның өзекті мәселелерін зерделеуге байланысты мәселелер мен ғылыми баяндамаларды талқылау;

6) архивтану, құжаттану, археография мәселелері бойынша отандық және шетелдік ұйымдармен перспективалық ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылау;

7) Архивтің анықтамалық-іздеу жүйесін жетілдіру, ақпараттық деректер базасын құру, Архивте ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелерін қарау;

8) Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану саласында ғылыми-зерттеу және өзге де тәжірибелік жұмысты жүргізу жөнінде ұсыныстар қалыптастыру, оларға азаматтардың қол жеткізуін кеңейту, пайдаланушылармен жұмысты жетілдіру;

9) Архивтің және (немесе) оның ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері конкурстарға, семинарларға, конференцияларға, гранттарға және т. б. қатысуы бойынша ұсынымдарды ресімдеу;

10) Архивтің құжаттық жарияланымдарын дайындаудың ғылыми-зерттеу және ұйымдастыру үдерістерін сараптамалық қамтамасыз ету;

11) ғылыми-зерттеу және әдістемелік жобалар қызметінің нәтижелерін бағалау, аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша есептерді бекіту;

12) Ғылыми кеңес мүшелерінің келісім бойынша Архивтің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы;

13) жүргізілетін архивтанулық, құжаттанулық және археографиялық зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге ендіру;

14) Архивке оның шығармашылық және кәсіби байланыстарын дамытуға, Архивті ғылыми және кәсіби ортада ілгерілетуге жәрдемдесу;

15) Ғылыми кеңестің талқылауы орынды деп танылған жағдайда, Архивтің ғылыми-зерттеу жұмысына байланысты өзге де мәселелерді шешу.

4. Жұмысты ұйымдастыру

6. Ғылыми кеңестің құрамын төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және Ғылыми кеңестің мүшелері құрайды.

Архив директоры Ғылыми кеңестің төрағасы болып табылады.

Архивтің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен жетекші мамандары, мемлекеттік органдардың, архивтердің, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының өкілдері Ғылыми кеңестің мүшелері бола алады.

Ғылыми кеңестің төрағасы болмаған кезде Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары төрағалық етеді.

7. Ғылыми кеңестің қызметі Архивтің жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

8. Ғылыми кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет шақырылады.

9. Ғылыми кеңестің төрағасы жалпы басшылықты жүзеге асырады және Ғылыми кеңес қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды.

Жұмысты ұйымдастыру Ғылыми кеңес төрағасының орынбасарына жүктеледі.

Ғылыми кеңестің қызметін құжаттауды Ғылыми кеңестің хатшысы жүзеге асырады.

10. Ғылыми кеңесте қаралатын материалдарды (баяндамалар, қолжазбалар, макеттер, шешімдердің, ұсынымдардың жобаларын және т.б.) дайындауды Архивтің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ Ғылыми кеңеске қатысатын архивтік және басқа да мекемелер жүзеге асырады.

11. Ғылыми Кеңестің отырыстарына материалдар Ғылыми кеңестің хатшысына отырысқа дейін 20 күннен кешіктірілмей ұсынылады.

12. Ғылыми кеңес отырыстарының күн тәртібі мен материалдарын Ғылыми кеңестің хатшысы отырысқа дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей оның мүшелеріне жібереді.

13. Ғылыми кеңестің хатшысы отырыстарда қарау үшін материалдардың уақтылы дайындалуын бақылауды, олармен Ғылыми кеңес мүшелерін таныстыруды жүзеге асырады, отырыстарды өткізуге дайындықты ұйымдастырады, отырыстарды хаттамалайды.

14. Ғылыми кеңестің хатшысы дауыс бергенде және шешім қабылдағанда дауыс беру құқығына ие емес.

15. Ғылыми кеңес, егер оның отырысына Ғылыми кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, шешім қабылдауға құқылы.

16. Шешімдер әрбір мәселе бойынша жеке қабылданады және ұсынымдық сипатта болады. Ғылыми кеңес мүшелерінің және отырыстарға шақырылған адамдардың ерекше пікірлері хаттамада немесе оған қоса берілетін қорытындыларда көрсетіледі.

Ғылыми кеңестің шешімдері қатысушы мүшелердің көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

17. Ғылыми кеңестің отырысы Ғылыми кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді. Талқыланатын баяндамалардың мәтіндері және басқа да материалдар хаттамаға қоса беріледі.

18. Қабылданған шешімдер туралы ақпаратты Ғылыми кеңестің хатшысы Архивтің құрылымдық бөлімшелері басшыларының назарына жеткізеді.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің

Ғылыми кеңесінің құрамы

Мұстафина Әлия Құсайынқызы

-

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, төрайым

Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы

-

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, т.ғ.д., төрайымның орынбасары

Жылгелдинов Мұхаммед Тұрсынбекұлы

-

оқу-әдістемелік орталығының басшысы, хатшы

Кеңес мүшелері:

Әбіл Еркін Аманжолұлы

-

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор (келiсiм бойынша)

Әнес Ғарифолла Қабдолқайырұлы

-

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор (келісім бойынша)

Асылов Нұртаза Тұрабекұлы

-

ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің бастығы, PhD, қауымдастырылған профессор (келiсiм бойынша)

Борашев Қуат Қахарманұлы

-

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы (келiсiм бойынша)

Жангуттин Бауыржан Олжабайұлы

-

Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор (келiсiм бойынша)

Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы

-

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (келiсiм бойынша)

Қозыбаев Ілияс Манашұлы

-

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор (келiсiм бойынша)

Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы

-

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, т.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі (келiсiм бойынша)

Көкебаева Гүлжауһар Кәкенқызы

-

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор (келiсiм бойынша)

Мұқажанова Гүлнара Жұмағұлқызы

-

қолданбалы және ғылыми жобалар  орталығының басшысы

Нұрымбетова Гүлшат Рамазанқызы

-

ХХ ғ. саяси құғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы, с.ғ.д, профессор

Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы

-

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің директоры, т.ғ.к. (келiсiм бойынша)

Ысқақ Ақмарал Сыдығалықызы

-

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры м.а., т.ғ.д.