Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Мемлекет басшысының Жарлығымен Орталық мемлекеттік Жаңа тарих архивінің негізінде 1994 жылы құрылды.
1994 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Архив туралы Ережені бекітті, соған сәйкес Архив тікелей қаржыландырылатын, ҚР Президентінің, оның Аппаратының және Мемлекет басшысының жанында қызмет ететін мемлекеттік органдардың қызметінде пайда болған құжаттарды жинау және сақтаумен айналысатын орталық мемлекеттік архивтің құқықтары мен міндеттері белгіленген мәртебесі бар дербес заңды тұлға атауына ие болды.
Алғашқы кезеңде мұнда Қазақстан КП Орталық, облыстық, қалалық комитеттерінің, Алматы қ. және Алматы облысының бастауыш партия ұйымдарының қорларынан тұратын 600 мыңға жуық сақтау бірліктері болды.
Архив Қазақстан Республикасының Президентіне бағынысты мемлекеттік органдардың және сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының құрамына енетін республикалық маңыздағы ұлттық мәдени орталықтардың құжаттарымен толықтырылады.
Архив Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына бағынысты және есепті басқа да мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-архивтік қамтамасыз ету саласындағы негізгі міндеттерді атқаратын заманауи, технологиялық жарақтандырылған кешен болып табылады.
Архив 1974 жылы тұрпатты жоба бойынша салынған ғимаратта орналасқан, 8 архивтік сақтау қоймасы және қызметтік бөлмелері бар. Архивтің сақтау қоймалары 29 мың метрге жуық ұзындықтағы стационарлық және мобильді металл сөрелермен жарақтандырылған. Жасанды микроклиматтың және өрт-күзет сигнализацияларының автоматтандырылған жүйесіне қосылған.
Архивте егеменді мемлекеттің қалыптасуының дәуірлік оқиғаларын, еліміздегі ішкі және сыртқы саясаттың, халықаралық қатынастың, экономиканың, әлеуметтік-мәдени дамуының маңызды үрдістерінің санқырлы мәселелерін көрсететін бірегей ақпарат шоғырланған. Мұнда Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж.), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың актілерінің түпнұсқалары, оның халықаралық конгресстерде, форумдар мен кездесулерде сөйлеген сөздерінің мәтіндері сақталуда.
Мемлекеттік органдардың құжаттары «Нұр Отан» партиясының, Социалистік партияның, Қазақстан Халық бірлігі партиясының, «Әділет» қазақстандық тарихи-ағарту ерікті қоғамының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құжаттарымен толықтырылады.
Қазақстан Коммунистік партиясының, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеттерінің және сонымен қатар олардың алдындағы саяси құрылымдардың қорларында республиканың социализм дәуіріндегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы ақпарат жинақталған. Қазақ КСР-інің құрылуы, күштеп отырықшыландыру мен саяси қуғын-сүргіндердің, өлкенің индустрияландырылуының тарихы, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың депортациялануы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы құжаттар қызығушылық тудырады.
Архив 1974 жылы типтік жоба бойынша салынған ғимаратта орналасқан, 8 қойма мен қызметтік бөлмелерден тұрады. Стационарлық және жылжымалы металл стеллаждармен жабдықталған Архив қоймаларының ұзындығы 29 мың метрге жуықтайды, онда жасанды микроклимат пен күзет-өрт дабылының автоматтандырылған жүйесіне қосылған.