17.09.2025

ҚР Президенті Архивінің директоры архивтердің жаңа рөлі мен миссиясы туралы

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі кәсіби мамандардың бірі. Ол архив ісіндегі жолын елімізде жаңа мемлекеттілік қалыптасып, тарихи мұраны сақтаудың жаңа әдістері енгізілген уақытта бастады. Сол кезеңде ел тарихы көз алдымызда жазылып, мемлекеттік құрылымдар жаңғырып, архив жұмысында аналогтық технологиялардан цифрлық жүйеге көшу жүзеге асырылды. Бүгінде, Әлия Мұстафинаның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві – бұл тек құжат сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар архив ісі саласында ғылыми және оқу-ағарту жұмысын жүргізетін IT-орталыққа айналды.

Сұхбат барысында Әлия Құсайынқызы өзінің кәсіби жолының басталуына байланысты естеліктерімен бөлісті. Ол 1990-жылдары құжаттық материалдардың қалай сақталғаны туралы айтып, содан бергі өзгерістерге кеңінен тоқталды. ҚР Президенті Архивінің директоры заманауи технологиялардың ортақ тарихи мұрамызды сақтау мен қолжетімді ету ісіндегі маңызын ерекше атап өтті.

– Әлия Құсайынқызы, кәсіби қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз. Сізді архив ісі несімен баурап алды және осы саланы таңдауға не түрткі болды?

– Мен зерттеу ісіне ерте жастан қызығушылық таныттым. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде мектептегі оқушылардың ғылыми ұйымына мүше болдым. Сол жерде бізге архивтің қызметі таныстырылып, ондағы құжаттардың қандай маңызға ие екені және олардың ғылыми зерттеулерде қалай қолданылатыны жөнінде ақпарат берілді. Менің алғашқы ғылыми жұмысым 1897 жылғы халық санағына арналды. Әрине, ол уақытта болашақта кәсіби жолым дәл осы салаға бағытталатынын елестеткен жоқпын. Алайда тағдыр жолы мені архив ісіне алып келді, және бүгінде осы мамандықты таңдағаныма шын жүректен ризамын.

– Сіздің біліміңіз архив саласындағы кәсіби қызметіңізге қаншалықты сай келді? Еңбек жолының алғашқы баспалдақтарында қандай қиындықтарды еңсердіңіз және ол кезең сізге қандай құнды тәжірибе мен жаңалықтар сыйлады?

– Мектепті аяқтағаннан кейін Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Бұл мамандық – архивтік құжаттармен жұмыс істеуді, тарихи дереккөздермен терең танысуды қажет ететін бағыт. Ал мен болсам, мектеп қабырғасында жүріп-ақ архив саласының қыр-сырымен алғаш танысқан едім. Сол алғашқы әсер мен қызығушылық жоғалған жоқ, керісінше, одан әрі нығая түсті. Университетте оқып жүргенде дипломдық жұмысымды өңірдегі сот жүйесінің қалыптасу тарихына арнадым. Бұл зерттеу архивтік материалдарға сүйене отырып жүргізілді және менің кәсіби бағытымның берік іргетасына айналды.

Бұл жолды саналы түрде таңдадым деп нақты айта алмаймын. Бірақ мен осы жолмен жүріп, оны табиғи, өмірлік бағытым ретінде қабылдадым. Оқу барысында талап жоғары болды, және мен профессор-оқытушылар құрамына, ең алдымен, ғылыми жетекшім Тасқожина Кенжекей Жапарқызына зор алғысымды білдіремін. Ол кісіден біз тек кәсіби білім мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар зерттеуші ретінде ой қорытуға, архив құжатын терең түсініп, талдай білуге үйрендік. Бұл қабілеттер кейін басқарушылық қызметті ғылыми жұмыстармен қатар алып жүруге, сондай-ақ Мәскеудегі Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Тарихи-архив институтында архив ісіндегі заманауи ақпараттық технологиялар тақырыбында кандидаттық диссертация қорғауыма жол ашты.

Еңбек жолымды Алматыда орналасқан Архивтер мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеттен бастадым. Бұл мекеме 2000-жылдардың басында құрылып, тәуелсіз Қазақстандағы архив ісін дамытуға жауапты алғашқы мемлекеттік орган болды. Қызметімнің дәл осы құрылымнан басталғаны мен үшін үлкен сәттілік деп білемін. Сонымен қатар, Рысты Халесқызы Сариева, Ахтям Ахметұлы Адельгужин, Николай Петрович Кропивницкий, Ермек Қожаұлы Жүсіпов сынды тәжірибелі архившілермен бірлесе жұмыс істеу бақыты бұйырды.

Сол кісілердің қолдауымен архив мекемесінің қызметі мен ерекшеліктерін кәсіби деңгейде түсіне бастадым. Тәлімгерлерімнің арқасында құжаттардың қалай жасалып, мемлекеттік архивтерде қалай сақталатынын, архивтің толық процесі – басқару құжаттарынан қорларды қалыптастыруға дейінгі тізбегін білдім. Бұл кәсіби саладағы маған берілген маңызды әрі құнды сабақ болды. Архивтің тарихи жадыны сақтайтын және тиімді жұмыс істейтін тірі механизм екенін түсінген сайын, бұл мамандыққа деген құрметім арта түсті. Ол уақытта Қазақстан тәуелсіздікке алғашқы қадамдарын жасап, тарих өз көзіміздің алдында жазылып жатты. Архив саласының дәстүрлері сақталғанымен, тәуелсіз Қазақстан үшін архив ісін қайта құру мен заңнамалық базаны дамыту міндеті тұрды.

Айта кетсек, менің архив саласындағы еңбек жолым осы бағыттағы алғашқы нормативтік-құқықтық құжаттардың бірін дайындау жұмыстарынан басталды. Бұл маған теорияны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің жаңа архив саясатын қалыптастыру үдерісіне тікелей араласуға жол ашты.

1998 жылы Қазақстанда архив ісін заңнамалық тұрғыдан реттейтін алғашқы құжат – «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң қабылданды. Ал 2000-жылдардың басы осы саладағы заманауи нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру кезеңіне тұспа-тұс келді. Бұл кезең күрделі де жауапты болды: кейбір шенеуніктер тарапынан түсінбеушілік те кездесті, сондай-ақ архив ісі беделді мамандық ретінде қабылданбай, жастардың қызығушылығы төмен деген көзқарас та болды. Соған қарамастан, архивтердің мемлекет, қоғам және ұрпақтар жады үшін атқаратын маңызды рөлі бізге үлкен жігер беріп, бұл саланы дамытуға деген сенімімізді нығайтты.

Архивтерді тек бір ведомствоның шеңберінде қарастыруға болмайды – олар қоғамның түрлі салаларын қамтитын, көпқырлы және маңызды жүйе. Бұл түсінік біздің жұмысымызға деген ықылас пен жігерді одан әрі арттырды.

– Сіздің кәсіби маман ретінде қалыптасуыңызға қандай қабілеттер негіз болды?

– Архивист үшін ең маңыздысы – тарихи үдерістерді терең түсіну, құжаттардың мазмұны мен мәнін бағалай білу, олардың тарихи құндылығын анықтау. Сараптаманың негізгі өлшемдері – тарихи тұрғы, қоғамдық маңыздылық пен мемлекеттік мән. Бұл салада табандылық, жүйелілік, аналитикалық ойлау және күрделі процестерді үйлестіре білу аса қажет. Дәл осы қасиеттер мені маман ретінде шыңдады.

– Сіз өз еңбек жолыңыздың бұрынғы буын өкілдерінен қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз?

– Архивист мамандығының кеше мен бүгінгісін алсақ, бұл екі бөлек кезең. Кеңес уақытында архивтер жабық еді, негізгі жұмыс тек қағазбен жүргізілді. Жүйе қарапайым болатын – құжаттар мемлекеттік сақтауға алынып, реттеліп, кейін сұраныс бойынша берілетін. Бірақ архивке кіру мүмкіндігі шектеулі болды. Ол кезде оқу залында жұмыс істеу үшін арнайы хат, өтініш, рұқсат қажет еді.

Қазіргі кезде архивтер үш негізгі міндет атқарады: құжаттарды жинақтау, сақтау және оларды қоғам мен мемлекет игілігіне пайдалану. Бірақ бүгінгі архивтер бұрынғыдай емес, мүлде жаңа сипатқа ие. Тәуелсіз Қазақстанның архивтері – қоғаммен ашық пікір алмасатын орта, сенімді ақпарат беретін орталық әрі тарихи жадыны сақтап, ұрпаққа жеткізетін маңызды құрал. Мұнда азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығына ерекше мән беріледі. Сондықтан қазіргі архивті жабық мекеме деуге болмайды. Архивке бару немесе оқу залында жұмыс істеу үшін тек тіркелу жеткілікті, яғни Қазақстан азаматтары архивті еркін пайдалана алады.

Архивтердің бүгінгі даму кезеңін қарастырар болсақ, олар қазір көпқырлы орталыққа айналғанын байқаймыз. Бұл – ғылыми мекеме де, әдістемелік орталық та, сонымен қатар құжаттарды сақтаудың және қалпына келтірудің заманауи әдістерін енгізетін технологиялық зертхана. Бүгінгі архивтер ХХІ ғасырдың талаптарына сай цифрлық деректермен жұмыс істейтін ІТ-орталық қызметін де атқарады. Сол себепті, кәсіби бағыттағы дамуымыз бүгінгі күннің талаптарына сәйкес, бұрынғыдан түбегейлі ерекшеленетін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға толы.

– Қазақстанның тәуелсіздігі ел өмірінің барлық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл кезең архив ісінің дамуына және сіздің кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?

– Нарықтық экономикаға көшу барлық салаларға әсер етті, архивтер де сол өзгерістен тыс қалмады. Кеңес кезеңінде архивтер тек мемлекеттік құрылым болды, ал тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет құжаттарға жеке меншік құқығы пайда болды. Бұл –сала үшін үлкен сынақ әрі жаңа даму кезеңі болды.

Жалпы, тәуелсіздік алған алғашқы жылдар архив ісі үшін оңай болған жоқ. Қазақстанға архив саласының басқару жүйесін жаңадан құрып, жаңа жағдайға сай құқықтық және әдістемелік негіз жасау қажет болды. Дегенмен дәл осы кезең архив ісіне тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктердің жолын ашты.

2000 жылы Қазақстан алғаш рет халықаралық аренада өз орнын айқындап, архив ісі саласындағы ең ірі кәсіби ұйым – Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) толыққанды мүшесі атанды.

Тәуелсіздікпен бірге еліміздің архив саласына шетелдік архивтермен жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Архив зерттеушілері шетелге экспедициялар жасап, әртүрлі елдердің архивтерін аралап, кәсіби байланыстар орнатты, келісімдер жасасты. Нәтижесінде, Қазақстанның ерте кезеңдеріне қатысты құжаттардың көшірмелері елге қайтарылды.

Бұл кезең ақпараттық технологиялардың дамуымен де тұспа-тұс келді. Қазір электрондық архивтер жасақталып, архив құжаттары кең көлемде цифрландырылып жатыр. Бұл оларды баршаға қолжетімді әрі ыңғайлы етумен қатар, сақталуына да жағдай жасайды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтердің көпшілігі халыққа электронды түрде көрсетілуде.

Архив саласына жас мамандар қатары артып, жастардың бұл бағытта кәсіби және жеке тұрғыдан өсуге нақты мүмкіндіктері пайда болды. Өзімнің қызмет жолым – осы өзгерістердің айқын мысалы. Сондықтан Қазақстандағы архив ісінің жаңғыруы мен технологиялық дамуы егемендіктің арқасында ашылған мүмкіндіктермен тікелей байланысты.

– Қазақстан Республикасы Президенті Архиві үшін ең маңызды жобалар мен бастамалар деп нені айтар едіңіз?

– Архив саласы үшін аса маңызды оқиға – Мемлекет басшысының қолдауымен елордада бой көтерген жаңа Президент Архиві ғимаратының ашылуы болды. Биыл ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жаңа нысанға арнайы келіп, аралап көрді. Архив ісінің дамуы әрдайым оның айрықша назарында екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

2022 жылы Архивте үлкен қайта құру жұмыстары жүргізілді. Қызметіміздің негізгі қағидаттары қайта қаралып, жұмыс жаңа талаптар мен заманауи технологияларға сай бейімделді.

Біз әзірлеген 2035 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасы архив жұмысының барлық бағытын қамтиды: құжаттарды толықтыру, олардың сақталуын қамтамасыз ету, Ұлттық архив қорын пайдалану және цифрлық трансформация. Болашақта Архив еліміздегі архив ісінің әдістемелік әрі ғылыми-зерттеу орталығы болуды көздейді.

Біз архив жұмысын жаңғыртып, ақпаратты өңдеудің және құжаттарды сақтау жолдарының жаңа ғылыми тәсілдерін енгізіп жатырмыз. Бұл жоба ауқымды әрі амбициялы, және оның Президент Архивін жаңа деңгейге көтеретініне сенеміз.

Қазір біз бірнеше маңызды халықаралық бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Солардың бірі – әр екі жыл сайын өткізілетін архившілер конгресі. Өткен жылы оған 20 елден келген жетекші ғалымдар мен архив саласының мамандары қатысты. Халықаралық байланыстарды дамыту арқасында бүгін Архив халықаралық аренада танымал болып отыр.

Халықаралық серіктестік аясында жүзеге асырылып жатқан тағы бір маңызды жоба – Жас архившілердің жазғы мектебі. Бұл жоба жас мамандарға білімін жетілдіріп, кәсіби ортада байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бірегей алаң ретінде қалыптасты.

Жоба 2017 жылдан бастап Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе жүзеге асырылып келеді. Биылғы жазғы мектепке Қазақстанның 14 өңірінен және жақын шетелдерден 100-ден астам жас архивші қатысты. Ал сегіз жыл ішінде бұл мектеп 1200-ден астам жас маманды дайындап шығарды.

Архив өз жұмысында балалар мен жастарды тарихи құжаттармен жұмыс істеуге баулуға ерекше назар аударады. Біз бұл бағытта архив ісін кеңінен танытуға, жас ұрпақтың зерттеушілік дағдыларын, сыни ойлау қабілетін дамытуға және ұлттық болмыс пен тарихи жадыны қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеміз.

Сонымен қатар, жас ұрпақпен жұмыс жасаудың жаңашыл бағыттарын сәтті тәжірибеден өткізіп жатыр. Оған «Отбасым тарихы архив құжаттарында» атты зерттеу жобасы және жастарды саланың өзекті мәселелерін шешуге тартуға бағытталған инновациялық «Архивтік хакатон» жобасы жатады. Хакатонды алғаш рет өткен жылы Satbayev University университетімен бірлесе ұйымдастырдық. Алғашқы тәжірибе өте сәтті болды – іс-шараға 160-тен астам қатысушы жиналды. Жастар шын мәнінде қызығушылық танытып, архив мәселелерін зерттеп, елімізде smart-архив технологиясын енгізу процесімен танысты.

Тағы бір мәрте атап өткім келеді: біздің басты мақсатымыз – архив ісіне деген көзқарасты қайта қарау. Біз жастарды тартуды, әдістемелік тәсілдерді жаңғыртуды, консервативті тәсілдерден біртіндеп бас тартуды көздейміз. Әрине, қағаз құжаттармен жұмыс жалғаса береді – бұл бағыт өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазіргі таңда архив саласы цифрлық ақпарат көлемінің күннен-күнге артуымен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай мәліметтерді жүйелеу, сараптау және оларды ұзақ мерзімге сақтап қалу – өзекті міндетке айналды. Ең бастысы – бұл ақпарат уақыт өте келе қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз қажет, ол үшін қандай технологиялық өзгерістер, тасымалдаушы құралдар немесе форматтар орын алса да, деректердің сақталуына кепілдік берілуі тиіс. Бұл – бүкіл архив саласына, соның ішінде Президент архивіне де қойылып отырған үлкен жауапкершілік.

Осы міндеттерді шешу үшін біз еліміздің жетекші университеттерімен, әсіресе профильді мамандар даярлайтын оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Біздің стратегиялық серіктесіміз – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, онда архив ісі кафедрасы ашылған. Бұл кафедра Алматыдағы Президент Архиві базасында жұмыс істеп, дуалды білім беру форматында практикалық бағыттағы оқытуды жүзеге асырады. Сонымен қатар біз Astana IT University, Satbayev University және Қазақстан-Британ техникалық университетімен де серіктестік байланыстарымызды кеңейттік. Біз осы байланыстар арқылы архив ісі саласына барынша көп жас мамандарды тартуды мақсат етіп отырмыз.

– Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі кәсіби деңгейіңізге жетуге қандай қасиеттеріңіз әсер етті?

– Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Мен архив саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келемін. Менің ойымша, ең маңызды қасиет – мамандыққа деген адалдық. Архив ісі тек қана кәсіби білім мен дағдыны емес, терең түсінік пен ерекше құрметті қажет етеді. Бұл салада әрбір құжаттың әрбір жолын бағалайтын, өз жұмысын жан-тәнімен сүйетін мамандар еңбек етеді. Олар өз қорларын жақсы меңгерген, материалды жан-жақты зерттеген және ақпарат іздеушілерге әрдайым көмек көрсетуге дайын жандар.

Бүгінгі таңда елімізде кәсіби тұрғыда дамуға барлық мүмкіндік жасалған. Егер сіз өз ісіңізге шын беріліп, мамандығыңызға қызығушылықпен қарасаңыз, адал әрі шыншыл болсаңыз, кәсіби өсуге әрдайым жол ашық.

Президент архивінде жас мамандардың кәсіби дамуы үшін арнайы модель құрдық. Олар тәжірибелі қызметкерлерден үйреніп, семинарларға қатысып, тағылымдамадан өте алады. Жыл сайын 15–20 қызметкеріміз біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Біз оқыту мен дағдыларды дамытуға үлкен мән береміз және бұл үшін әрдайым көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ.

– Президент архиві қоғаммен қалай байланыс жасайды? Архив материалдарын көпшілікке қолжетімді етуге арналған жаңа жұмыс форматтары енгізіліп жатыр ма?

– Қоғаммен байланысқа келсек, бізде 2022 жылы алғаш рет басталған «Ашық қоғамға – ашық архив» атты арнайы жоба бар. Оның мақсаты – архивтік мұраны насихаттау, қоғамның деректерді зерттеуге қызығушылығын арттыру, тарихи фактілермен түпнұсқа құжаттар арқылы таныстыру.

Бұл бір реттік жоба емес – бұл бірнеше іс-шарадан тұратын толық цикл. Біз архивке өз жеке коллекцияларын тапсыратын көрнекті мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлермен белсенді жұмыс жүргіземіз. Жақында, маусым айының басында, Президент архивіне Әбіш Кекілбаевтың жеке қоры берілді – ол көрнекті жазушы, драматург, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер болған. Оның отбасы бұл жәдігерлерді мемлекеттік сақтауына беру туралы шешімді ұзақ ойлады, және ақыры бұл маңызды сәт орын алды. Бұл құнды жәдігерлер тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл халық үшін ерекше мәнге ие. Олар еліміздің тарихын түсінуге және мәдени мұрасын бағалауға таптырмас мүмкіндік береді.

Архивте сондай-ақ Дінмұхамед Қонаев, Манаш Қозыбаев, Ақмарал Арыстанбекова, Зинаида Федотова, Герольд Бельгер және басқа да танымал қоғамдық және саяси қайраткерлердің жеке қорлары сақталған.

Біз үнемі тарихи-құжаттық көрмелер ұйымдастырамыз және әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді қолданамыз. Бұл арқылы тек аудитория өсіп қана қоймай, біздің материалдарға қызығушылықтың ауқымы да кеңейеді. Сайт әлеуметтік платформаларға қарағанда аз қамтумен ерекшеленсе де, ол маңызды құрал болып қала береді. Президент архивінің сайтында тематикалық көрмелерді көруге болады, оларды мектеп мұғалімдері сабақта, студенттер зерттеу жүргізу барысында жиі пайдаланады.

Біз архивтік құжаттар жинағын шығару бойынша ауқымды жұмыс жүргіземіз. Бұл – үлкен зерттеу жобалары. Өткен жылы ғана біз «Алашорда ісі. 1920–1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық еңбек ұсындық. Бұл еңбек алашордылықтардың қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңіне қатысты бірегей архивтік құжаттарға негізделген. Биыл Жеңіс мерейтойына арналған екі үлкен шығарылым таныстырылды. Олардың бірі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлескен жоба.

 – Қазақстан Президенті архивінің бүгінгі негізгі миссиясы қандай? Елдің тарихи мұрасын сақтау мен интерпретациялауда оның рөлін қалай көресіз?

– Миссиямыз өзгермеген. Ол – мемлекетіміздің тарихи мұрасын сақтау және қорғау. Бүгінде Президент архиві еліміздегі ең ірі архив болып табылады, ол мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси тарихын қамтиды. Мұнда елдің қалыптасуы мен дамуын бейнелейтін ең маңызды, ақпараттық және құнды құжаттар жинақталған.

Біздің басты мақсатымыз – осы материалдарды жинақтап, сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу.

Тарихты интерпретациялау мәселесіне келетін болсақ, мұнда бір маңызды нәрсені атап өту керек: архивтер тарихты интерпретацияламайды. Архив пен интерпретация – екі бөлек нәрсе. Архивтер объективті ақпарат береді. Ал талдау, зерттеу, мағына шығару – тарихшылардың міндеті. Мемлекет басшысы да бұл көзқарасты бірнеше рет атап өтті. Біз үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты бұрмалау мүмкін емес, тарих ешқандай құжатты саяси бағыттарға, ағымдарға немесе сәттерге сай интерпретациялауға төзбейді деп атап өткенде, бұл үлкен қолдау және мотивация болып табылады. Сондықтан объективті ақпаратты сақтау – архивтердің негізгі миссиясы. Мен біздің әріптестеріміздің осы мақсатқа адал екенін білемін.

–Тарихи естеліктің және ұлттық болмыстың қалыптасуында архив құжаттарының маңызы қандай?

–Тарихи естелік пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру туралы сөз қозғағанда, ең алдымен архивтер туралы айту керек. «Қоғамның өркениеттілігі мен мемлекеттің даму деңгейі оның архивтеріне деген қарым-қатынасы арқылы бағаланады» деген тұрақты пікір бар. Архивтер әрқашан қоғам назарында болды және құжаттардың маңызы ешқашан ескірмейді. Олар өткен туралы шынайы ақпарат беретін ерекше дереккөздер болып табылады және ғылыми, саяси, қоғамдық талқылауларда дәлелдеме ретінде қызмет етеді. Құжаттық мұра – бұл жоғалған жағдайда қайта қалпына келтіру мүмкін емес қазына, сондықтан оны сақтау ерекше жауапкершілікті және мұқият көзқарасты талап етеді.

– Цифрландыру дәуірінде архив ісі қандай қиындықтарға тап болады? Президент архиві осы өзгерістерге қалай бейімделуде, жасанды интеллект қолданыла ма?

– Бүгінгі таңда архив саласының алдында тұрған басты сынақтардың бірі – цифрландыру. Біз үлкен көлемдегі цифрлық ақпарат туралы айтып отырмыз. Осы мәліметтерді қалай дұрыс басқаруға болады? Сенімді деректерді қалай бөліп алу керек? Бұрмаланған материалдарды анықтап, жалған ақпараттан арылу – бұл бүгінгі архив жүйесінің ең маңызды міндеттерінің бірі.

Цифрлық технологиялар еңбек сипатын түбегейлі өзгертіп отыр. Бұрын архивші мамандығы бірте-бірте жойылады деген пікірлер айтылған еді. Алайда тәжірибе керісінше көрсетуде — үлкен мәліметтерді басқара алатын және оларды ұзақ мерзімге сақтай алатын мамандарға сұраныс бұрынғыдан да жоғары. Сондықтан архивші мамандығы ескірмей, керісінше жаңа форматта өзектілігін арттырып келеді. Бұл — әдістемелерді жаңғырту, құзыреттерді дамыту және цифрлық ортаны түсіну арқылы жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда бүкіләлемдік архив қауымдастығы алдында көптеген сұрақтар тұр — жауаптардан да көп. Бұл мәселелер халықаралық алаңдар мен конференцияларда кеңінен талқылануда. Себебі, жай ғана цифрландыру емес, жасанды интеллект пен интеллектуалды жүйелерді енгізумен қатар жүретін терең цифрлық трансформация жағдайында архивтердің жұмысын қалай ұйымдастыру керектігіне біржолғы әмбебап шешім жоқ. Мұнда, әрине, үлкен мүмкіндіктер бар, бірақ сонымен қатар ескеруіміз қажет қауіп-қатерлер де бар.

Бізге қойылған сын-қатерлерге дайын болу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда архив материалдары негізінде өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруда, интерактивті виртуалды көрмелер құруда, құжат жинақтарын дайындауда және ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданудамыз. Биылдың соңына қарай архивтің цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз және оның жүзеге асуы бізді өз тәжірибесін кеңінен тарата алатын ұйымға айналдырады деп сенеміз.

– Қазақстан Президенті архивін 10–15 жылдан кейін қалай көресіз және халықаралық архив ісіндегі қандай тенденциялар Қазақстан үшін ең перспективалы деп ойлайсыз?

– Біз Президент архивін 10–15 жылдан кейін заманауи ғылыми-технологиялық орталық ретінде көріп отырмыз. Ол цифрлық технологияларды тиімді қолданатын және мемлекеттік цифрлық трансформация міндеттеріне жауап беретін болады. Бұл архивтік ақпаратқа қол жеткізуге ыңғайлы, ашық платформа болып, пайдаланушылармен өзара әрекеттесу рәсімдері жеңілдетілген, заманауи форматтармен жүзеге асырылатын болады. Қазір архивке қызығушылық тек Қазақстан мен ТМД елдерінің мамандары ғана емес, сонымен қатар Люксембург, Польша, Франция, БАӘ, Иордания, Түркия, Марокко және басқа да елдерден келген әріптестер тарапынан да байқалады. Біз тұрақты түрде консультациялар мен оқытуға сұраныстар алып отырмыз және архивтің аймақтағы жетекші мекемелердің бірі ретіндегі орны орынды деп санаймыз.

–Жас мамандарға қандай кеңес айтасыз?

– Ең бастысы – кәсібіңе деген құштарлық пен терең қызығушылық болуы керек. Архив ісі – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл өз ісіңе адал болуды, материалды терең түсінуді қажет ететін мамандық. Егер шын ниетпен еңбек етсең, үнемі дамуға ұмтылсаң және мақсаттарың айқын болса, жетістікке жетуің сөзсіз.


Юрий КАШТЕЛЮК