16.04.2025
Президент Архивінде 29 миллионға жуық құжат парағы цифрлық форматқа көшірілді
Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде 235 мыңнан астам іс цифрлық форматқа көшіріліп, бұл шамамен 29 миллион парақ құжаттың электронды түрде қолжетімді болғанын білдіреді. Бұл – тарих пен танымды, шежіре мен шындықты уақыт пен кеңістіктен тыс оқуға мүмкіндік беретін үлкен жетістік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев архивтерді цифрландыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент архивтік құжаттарды цифрландыру, Ұлттық цифрлық архив құру, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру мәселелерін атап өтті. Тарихи құжаттарды сақтау, оны келешек ұрпаққа жеткізу үлкен міндет екені сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда аталған саланы цифрландыру ісінің маңызды екенін айтқан болатын.
Президент Архиві құжаттарды цифрландыру жұмысын 2005 жылдан бастап жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Архивтің оқу залы қызметінің 90 пайызы электронды форматта жүзеге асады.
«Архив қорларын цифрландыру – бұл сканерлеу, каталогтау және мәтінді тану сынды бірнеше кезеңнен тұратын кешенді жұмыс. Цифрланған құжаттарды мәліметтер базасына жүктеу зерттеушілер мен архив қызметкерлерінің қажетті ақпаратты жедел табуына айтарлықтай көмектеседі. Сонымен қатар бұл құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді. Тарихи деректердің цифрлық форматта болуы кейінгі ұрпақ үшін де ыңғайлы болмақ», – деді ҚР Президенті Архивінің Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің басшысы Гаухар Бекішева.
Цифрландыру барысында құжаттардың физикалық жағдайына ерекше назар аударылады. Солардың қатарында 2022 жылы Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның арнайы мемлекеттік архивтерінен берілген 1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндерге қатысты шамамен 700 мың құжат бар. Олардың көпшілігі механикалық және химиялық зақымдануға ұшыраған, сондықтан тезірек қалпына келтіруді қажет етеді.
Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы жылдарынан қалған газет қағаздары мен тым ескі құжаттарды цифрлық форматқа көшіру басым бағыттардың бірі болып отыр. Себебі мұндай материалдардағы мәтін уақыт өте көмескі тартып, жоғалып кету қаупі бар.
Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтар архив материалдарымен үйден шықпай-ақ archive.president.kz порталы арқылы таныса алады.
Сондай-ақ зерттеушілер үшін тақырыптық құжаттар топтамасы tutkyn.kz (Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары туралы) және asharshylyq.kz (1930-жылдардағы ашаршылық құрбандары туралы) электрондық базалар арқылы ұсынылған.
Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві онлайн архивтік анықтама сұранысы және қашықтан құжатпен жұмыс істеу мүмкіндігін қамтитын жаңа цифрлық сервистерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Анықтама:
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 1918 жылдан бастап еліміздің саяси тарихының құжаттарын сақтайды. Архив қорында 1,5 миллионнан астам іс сақталған.