06.06.2025
Президент Архиві цифрландыру тәжірибесін Мәскеуде таныстырды
Мәскеуде өткен «Цифрлық дәуірдегі виртуалды шындық пен құжаттық мұра» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде (РМГУ) баяндама жасады.
Директор «Қазіргі әлемдегі заманауи архив» дәрісінде архив саласын жаңғыртудағы қазақстандық тәсілді таныстырды. Ол ашықтық, цифрландыру және тұрақты даму қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
Әлия Мұстафина Архивтің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, ол архивті трансформациялаудың бес негізгі бағытын атап өтті: архивті цифрландыру, архивтік деректерге қолжетімділікті кеңейту, құжаттық мұраны кеңінен насихаттау, кадрлық әлеуетті дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
– Бұл бастамалар жастардың зерттеушілік қабілеттерін дамытып, архив ісін танымал етуге ықпал етеді және тарихи жадыны сақтау ісіне жаңа буынды тартуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ, Әлия Мұстафина архив саласында интеллектуалды шешімдерді әзірлеу мен енгізу тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, Біртұтас ақпараттық-іздестіру жүйесінің құрылуы, Ұлттық цифрлық архив, мобильді сервистер мен тарихи материалдарға қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ететін цифрлық платформаларды іске қосу жоспарлары туралы баяндады.
– 2035 жылға қарай Біртұтас ақпараттық-іздестіру жүйесіне енгізілген құжаттардың 100 пайызына толықмәтінді интеллектуалды (smart) іздеу жүйесі қолжетімді болуы тиіс. Ал «е-Архив» ақпараттық жүйесін мемлекеттік архивтерді толықтыратын мекемелерге енгізу жұмысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы көзделіп отыр, – деді Архив басшысы.
Баяндамасын қорытындылай келе, Әлия Мұстафина бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің заманауи кәсіби үрдістерге сай дамып келе жатқанын атап өтті. Архив жаңа тәсілдерге сүйене отырып, түрлі аудиториялар үшін ашық, интерактивті және түсінікті болуға ұмтылуда. Оның айтуынша, архивтердің әлеуметтік-мәдени функциясын түсіну және дамыту – тарихи жады мен мәдени мұраны сақтау мен жеткізу институттары ретіндегі тиімді жұмыстың басты шарты саналады.
Айта кетейік, конференция барысында қазақстандық делегацияның тағы бір өкілі – ҚР Президенті Архивінің Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің аға сарапшысы Самал Қабзолдина баяндама жасады. Ол «Архив ақпараттық жүйелеріндегі жасанды интеллект: тарихи деректерді ұйымдастыру мен талдаудың жаңа деңгейі» атты баяндамасында жасанды интеллектіні архивтік ақпаратты басқару мен цифрлық сервистерді қалыптастыруда қолдану тәжірибесін бөлісті. Оның баяндамасы қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ВНИИДАД қызметкерлерінен оң пікірлерге ие болды.
Еске салайық, Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция 4–6 маусым аралығында Мәскеу қаласында өтті. Іс-шараны Ресей Федералдық архив агенттігі (Росархив) мен Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институты (ВНИИДАД) ұйымдастырды. Форум жұмысына ТМД елдерінің архив, музей, кітапхана мекемелері мен университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары мен ғалымдары қатысты.