27.03.2025

Архив – тарихтың шежіресі: құжаттарды қалпына келтіру жолдары

Архив – жәй ғана құжаттар жиыны емес, бұл боямасыз тарих беттері. Елдің саяси тарихын түгендеуде ҚР Президенті Архиві маңызды рөл атқарады. Мұнда құнды мұрамызды сақтап қана қоймай, ескірген, я бүлінген құжаттарды асқан мұқияттылықпен қалпына келтіреді.

«Архив мамандары» айдарында Архивте жұмыс істейтін қызметкерлермен таныстырамыз. Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері - екінші санатты архивші Айтолқын Әскербек. Ол өзінің мамандығы жайлы толығырақ айтып берді.

Айтолқын 2002 жылы Алматы қаласында дүниеге келіп, осы қалада мектепті тәмамдап, білім алды. Жас кезінен-ақ қазақ халқының бай тарихы мен терең мәдениетіне қызығушылық танытып, тарихи әдебиетке жақын болып өсті. Орта мектепті аяқтаған соң, 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің архив ісі мамандығына оқуға түседі.

«Бұрын мен архивті тек ескі құжаттар сақталатын орын деп білуші едім. Алайда, уақыт өте келе архив ісі тек құжаттарды сақтау ғана емес, тарихты жаңғырту мен оны келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қызмет екеніне көз жеткіздім», – дейді Айтолқын.

2023 жылы Айтолқын «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасы Президент Архивіне жұмысқа қабылданады. Мұнда мамандығының көпшілікке беймәлім қиындығы мен маңыздылығын түсінеді.
«Бастапқы кезде құжаттарды сақтау, оларды қалпына келтіру қиын көрінді. Бұл істі қаншалықты жауапты атқара аламын деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе архивте жұмыс істеу төзімділік пен жанашырлықты талап ететінін түсіндім», – дейді ол.

Президент Архивінде қызмет еткен бір жарым жыл ішінде Айтолқын тек мамандықтың негіздерін меңгеріп қана қоймай, құжаттарды реставрациялау сүйікті кәсібі екеніне көз жеткізді. Бұл істе оған тәжірибесі мол әріптестері көмектескенін жасырмады. Олар жас маманды қамқорлығына алып, жұмыстың барлық қыр-сырын үйретті. Сонымен қатар, архившінің басты қағидасы «әрбір құжат – құнды мұра» екенін түсіндірді.

Айтолқынның айтуынша, құжаттарды қайта қалпына келтіру үдерісі бірнеше кезеңнен өтеді:

1. Жағдайды бағалау: Құжаттың зақымдану дәрежесін анықтап, оны қалпына келтіру үшін қандай материалдар мен әдістер қолдану қажеттігін анықтайды. Әр құжаттың ерекшеліктері ескеріле отырып, жұмыс басталады.
2. Тазалау: Құжаттың бетінде жиналған кір мен шаңды абайлап тазалау. Бұл кезеңде механикалық әдістер немесе арнайы химиялық заттар қолданылуы мүмкін.
3. Жөндеу: Құжаттағы жоғалған бөліктер қалпына келтіріліп, бүлінген жерлері дұрысталады. Бұл жұмыстар барысында түпнұсқаның түсі мен құрылымы сақтай отырып, арнайы желімдер мен қағаздар қолданылады.
4. Құжаттама: Жүргізілген жұмыстар мен қолданылған әдістердің толық есебі жасалады.

«Орташа алғанда, біз күніне 9 бетке дейін өңдейміз. Алайда ол қағаздың жағдайына байланысты. Бұл өте күрделі процесс», – дейді Айтолқын.

Ескі парақтарды тазалап, бүлінген жерлерін дұрыстау бірнеше күнге, тіпті аптаға созылуы мүмкін. Бұл зергердің жұмысындай дәлдікті талап ететін күрделі жұмыс.

«Мен өз жұмысымды тек мамандық емес, ел тарихын болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды міндеті деп білемін. Себебі бұл құжаттарда оқулықтарда берілетін ақпараттардан әлдеқайда көп мағлұмат болуы мүмкін», – дейді Айтолқын.

Қазір ол Президент Архивінде жұмысын жалғастырып, білімі мен дағдыларын одан әрі жетілдіруде.