11.04.2025

Академик Қаныш Сәтбаевтың жастарға айтқан өсиеті

12 сәуір - Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мереке қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым, Қазақ КСР Ғылым Академиясының бірінші Президенті  Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың (1899-1964 жж.) туған күніне орай бекітілген.

Қ.И. Сәтбаев КСРО-дағы металлогения ғылы­мын жасаушылардың көш басында болды.  Сол уақытта Орталық Қазақстанда ашылған кен орындарының оннан тоғызы Қ.И. Сәтбаев ұсынған карта бойынша табылған. Ол республиканың бай табиғи ресурстарды игеру бойынша күрделі зерттеулерді жандандырып, еліміздің өндіріс күштерінің дамуына, қазақстандық қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының маңызды мәселелерінің шешілуіне үлкен үлес қосты.  Бұл ғылымның жолы әлі де жалғасып келеді. Бүгінде кен орындарында жүздеген геолог, шахтер мен металлургтер еңбек етуде. 

Қаныш Сәтбаевтың есімі бірқатар білім беру мекемелеріне, кен-металлургия комбинаттарына, сондай-ақ көшелер мен мектептерге берілген. Мысалы, Қазақстандағы техникалық білім беру саласындағы көшбасшы оқу орны саналатын Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті академиктің атында. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві аталмыш университетпен ынтымақтастық орнатып, алғашқы «Archive Hack: Ақылды архив» хакатонын бірлесе ұйымдастырды.  

Бүгінде ҚР Президенті Архивінде Қаныш Сәтбаевтың жеке тектік қоры сақталып, оның өмірбаяндық құжаттары, хаттары, ғылыми еңбектері, мақалалары мен фотосуреттері жинақталған. Мәселен, 1950 жылы 18 наурызда академиктің студенттермен кездесу барысында жастарға айтқан өсиетінің мәтіні сақтаулы. Ол өз сөзінде:

  • «Оқы және оқы. Қайсарлықпен, саналы түрде оқыңыздар Жасөспірімдерге тән жігермен, қызығушылықпен және табандылықпен білім алыңыздар.
  • Білімді формальды түрде емес, шын мәнінде терең игеру қажет, тапсырмаларды «жұтып қоймай», алған білімді сыни тұрғыдан ойланып, талдап түсіну керек.

  • Естеріңізде болсын, мектептегі және жоғары оқу орындарындағы берілетін білім ғылымдағы жалпылама дерек пен қорытындыларды ғана үйретеді. Оқу әдебиетімен қатар, геолог үшін негізгі дереккөз — даланың өзі. Бұл үлкен «кітап» табиғаттың қыртысындағы қабаттар мен қазбалар түрінде, сондай-ақ адам қолымен жасалған бұрғылау ұңғымалары, шұңқырлар, шахталар мен тау-кен жұмыстарының басқа да іздері арқылы көрінеді. Бұл «кітап» баспа кітаптары сияқты емес, себебі ол олқылықтар мен жоғалған беттерден, түсініксіз орындар, жұмбақтар мен тапсырмалардан тұрады, - деген еді.

Қаныш Сәтбаевтың осы даналық сөздерінен-ақ оның педагогикалық қырын байқауға болады. Ол Ш. Шөкин, Ш. Есенов, Е. Бөкетовті сияқты ғалымдардың талантын танып, ғылымға бағыттады. Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның жетекшілігімен жасалған ғылыми зерттеулер мен ашылған кен орындары еліміздің индустриялық күш-қуатын арттыруға негіз болды. Ұлы ғалымның еңбектері мен тәрбиелеген шәкірттері Қазақстанның ғылыми әлеуетін жаңа белестерге көтеріп, оның есімі ғасырлар бойы ұрпақтар санасында сақталмақ.