02.04.2024

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

2024 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ынтымақтастық ауқымын кезекті рет кеңейтіп, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архивімен меморандумға қол қойды.

Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде халқымыздың жауһар жәдігерлері сақталған. Ондағы қазақ халық музыкасы, айтыстар, авторлық орындаудағы шығармалар, опералар, әншілердің жанды дауыстағы жазбалары мен кинофотоқұжаттардың жалпы көлемі 300 000 сақтау бірлігінен асады.

ҚР Президенті Архиві мен Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архиві арасындағы меморандумда бірнеше мәселені қамтылған. Оның негізгілерінің бірі – бірлескен жобаларды іске асыру. Сала бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, құжаттық көрмелер ұйымдастыруға көзделген.

Сонымен қатар қызметкерлердің біліктіліктігін арттыру бойынша курстарды өткізу мәселесіне тоқталды. Яғни, екі архив өздерін қызықтыратын кәсіби қызмет бағыттары бойынша жұмыс тәжірибесі мен ақпаратпен алмасуға мүмкіндік алады. Ал ғылыми зерттеулерді үйлестіру мақсатында республикалық, халықаралық деңгейде экспедициялар, семинарлар, симпозиумдар өткізеді.

Меморандумға ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина мен ҚР Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры І.Б. Ысқақов қол қойды.

Кездесу соңында Ынтымақтастық аясында бірнеше жобаны іске асыруға шешім қабылданды. Қазақстанның театр өнерінің тарихына арналған бірлескен тарихи-деректі көрме ұйымдастырып, аудиовизуалды құжаттардың сақталуы мен пайдаланылуы бойынша шеберлік сыныбын өткізу келісілді.