22.08.2023

Архивте ҚХР-ның дипломаттарымен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэймен кездесу өтті. Сондай-ақ кездесуге еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі басшысының м.а. И.Ж. Раимов та қатысты. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина құрметті мейманның мемлекетаралық достықтың негізгі бір көпірі болып табылатын архивтің құндылығына аса мән беретіндігіне және оның арнайы қонақ болып келгеніне алғысын білдірді. Архивтің қызметі мен алдағы жоспарлары жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, өз сөзінде биыл маусым айында қазақстандық делегация Қытайға ресми сапармен барып, Бірінші мен Екінші тарихи архивтерге, Бейжің қаласының архивіне барып, шетелдік әріптестердің жұмысымен танысқанын айтты.

Бас консул Цзян Вэй өткен ғасырдағы қазақ-қытай қарым-қатынасының терең тарихына мән беріп, екі ел арасындағы архив мекемелерінің келешектегі байланыстарына қатысты ойын білдірді. Қытайлық зерттеушілер тарихи материалдармен танысуға және оны архив көздерінен зерттеуге қызығушылық танытатынына сенім білдірді. Іс-шара барысында қонақтар Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған тарихи-құжаттық көрмемен және ҚР Президенті Архивінің қызметі туралы фотокөрмемен танысты. Кездесу соңында Бас консул Цзян Вэй Архивтің құрметті қонақтарына арналған кітапқа естелік жазба қалдырды.