23.10.2023

Президент Архивінде Республика күні аталып өтті

2023 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ұлттық мереке – Республика күніне орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина құттықтау сөз сөйлеп, мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Әрине, мұндай қадам жасау оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі» деген сөзіне тоқталды. Дөңгелек үстелге Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаттары О.С. Сабденов пен З.Л. Федотова қатысып, мемлекеттік маңызы бар нормативтік-құқықтық құжат - Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация бірлескен ынта-жігермен, қызу пікірталастар мен талқылаулар жағдайында әзірленгенің атап өтті.

Сонымен қатар іс-шараға философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры С.Т. Сейдуманов, Қазақстан журналистикасы Академиясының академигі В.А. Жандаулетов, қоғам қайраткері, ғалым, «Тұран» университетінің ректоры Р.А. Алшанов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Д.Ә. Әбен, Алматы қ. және Алматы облысының Түрікмен қоғамдық-мәдениет орталығының төрайымы Г.А. Аннакулиева қатысып, сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар құжаттың тарихи маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануымен Қазақстан үшін Тәуелсіздік жолындағы жаңа кезең басталғанын атап өтті. Дөңгелек үстел аясында аталмыш тақырыпта виртуалдық көрме таныстырылды. Көрмеде ҚР Президенті Архивінің құжаттарымен қатар ҚР Ұлттық архиві, Орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыстық жазбалар архиві, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы (Семей қ.), Ұлттық кітапхананың қорларынан алынған құжаттар ұсынылды.