14.12.2023

Тәуелсіздік Күні қарсаңында жастар Президент Архивіне келді

14 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай ҚР Президенті Архивінде ашық есік күндері өтті. Іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих және география факультеттерінің студенттері қатысты. Шарада ҚР Президенті Архивінің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы, т.ғ.д. Қ.Ш.Әлімғазинов дәріс оқыды. Қайрат Шәкәрімұлы өз сөзінде бостандықты аңсаған ата бабаларымыз – сонау Томирис заманынан, Еуропаны шулатқан Атилладан, Тоныкөк пен Білге қағандардан, Ұлы даланы жаудан сақтаған қазақ батырлары мен Шыңғысхан ұрпақтарынан, Жәнібек пен Керей, Кененсары, Махмбет пен Исатай ұрандатқан мемлекеттік идеология ХХ ғасырдың басында демократиялық мәселесін Алаш зиялылары жарияласа, өзінің саяси формасын тек ХХ ғасырдың аяғында тауып, іске асырды деп атап өтті.

Сонымен қатар тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Архивте жинақталған саяси құжаттардан құралған «Тәуелсіздік жылнамасы» тақырыбындағы көрмені Архивтің Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Б.Ә. Қасенов таныстырды. Көрмеге 1990 жылдың 25 қазандағы Қазақ Советтік Социалистік егемендігі туралы Декларация, Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлық, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы және тағы басқа тарихи маңызы бар құжаттар ұсынылды.