25.04.2024

Түркиялық архившілер делегациясымен кездесу

2024 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина Түркия Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасының директоры Угур Унал және Алматыдағы Түркия Республикасының Бас консулы Эврен Мудеррисоглумен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.
Талқылаудың басты тақырыбы Президент Архиві мен Түркияның Архив мекемелерімен екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, жақын аралықта мүмкін жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бағытында болды. Қазақстандық архившілер біліктілік арттыру курстарына қатысуға, реставрация мамандарының тәжірибе алмасуына шақырылды.

Өз кезегінде түрік әріптестерді Жас архившілердің Жазғы мектебінің жұмысына және алдағы уақыттағы "Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында" тақырыбындағы Қазақстан архившілерінің II Конгресіне қатысуға және "Жаңа Архив" журналында ғылыми мақалалар жариялауға шақырылды.
Түркиялық қонақтарға қазақтан шыққан тұңғыш академик Қ.И. Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орай дайындалған көрме таныстырылды. Архивтің оқу залы, құжаттарды цифрландыру және реставрациялау процестерін көрсету үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды.