11.04.2024

Студенттер Қ. Сәтбаевтың ерекше фотосуреттерімен танысты

2024 жылғы 10 сәуірде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дайындаған көрме қойылды. Архивтің Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметі бөлімінің бас сарапшысы Исаева Нұрзада Тезекқызы студенттерге ғалымның өмірі мен қызметтік жолы туралы айтып берді. Көрмеге Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны, кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағы, жазған хаттары, Сібір технологиялық институтын аяқтағаны туралы куәлігі және т.б. құжаттары қойылды.

Сонымен қатар алғашқы рет жұбайы Таисия Алексеевна Сәтбаеваның ғалымға жазған хаттары ұсынылды. Жақындарымен, достарымен және жұмыс барысында әріптестерімен бірге түскен ерекше фотосуреттерін де көруге болады. Сондай-ақ бүгін Президент Архивіне Халықаралық Бизнес университетінің оқытушылары мен студенттері келіп, көрмеге қойылған құжаттармен танысты. Көрмедегі негізгі құжаттар Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған Қаныш Имантайұлының жеке тектік қорынан алынды.