29.06.2021

ҚР Президентінің Архивінде Қазақстанның архив ісінің басшысы


2021 жылғы 28 маусымда ҚР Президентінің Архивінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Қ. Борашпен кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚР Президенті Архивінің директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова ҚР Президенті Архивінің қызметі туралы айтып берді. Ол ақпараттық архив ресурстарын қалыптастыру және пайдалану мәселелерінде Архивтің бірегей және үлкен тәжірибесі бар екенін, тарихи-құжаттық көрмелерден конференция, халықаралық және республикалық форматтағы дөңгелек үстелдерге дейін іс-шаралар өткізетінін атап өтті. Жақында ТМД елдерінің жас архившілерінің IV Жазғы мектебі өткізілді, оған Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 276 маман қатысты.

Архив бойынша жүргізілген экскурсия барысында Комитет төрағасы Қ.Қ. Бораш оқу залындағы зерттеушілердің, соның ішінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің жұмыс жағдайымен танысты. Зертханалық корпуста архивтік құжаттарды сандық үлгіге көшіру, сақтандыру қорын құру, баспа кешені және т.б. станцияларының жұмыстары таныстырылды.
Кездесу барысында Архив пен Комитеттің, ең алдымен мемлекеттік органдарға арналған электрондық архивтегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы шараларды алдағы уақытта бірлесіп өткізу мәселелері қаралды.