28.06.2022

ҚР Президентінің Архиві ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді

2022 жылғы 27 маусымда ҚР Президентінің Архиві ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде бес жыл мерзімге аккредиттелді. Енді Архив мемлекеттік бюджеттен және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатыса алады. Сонымен қатар куәлік Архивтің бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру жобаларына қатысуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында мекеменің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде тіркелуі міндеттелген. Тұжырымдамада Архивті жетекші зерттеу және әдістемелік орталық ретінде дамытудың бірнеше кезеңі ұсынылған. Онда құжаттану мен архив ісі саласындағы қолданбалы және ғылыми зерттеулерді әзірлеу Архивтің жаңа жұмыс бағыты болатыны айтылған.
Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңының 23-бабына сәйкес, ғылыми қызмет субъектісі ретінде ҚР Президенті Архивінің аккредиттелгенін растайтын ҚР Білім және ғылым министрлігінің куәлігі 2027 жылғы 27 маусымға дейін жарамды.