31.05.2023

Президент ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығына келді. Президенттің Жарлығымен 2020 жылдың қарашасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Осы Мемлекеттік комиссияның жұмысын архивтік құжаттармен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы ҚР Президенті Архивінде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ашылды. Орталыққа ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша ҚР Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратураның арнаулы мемлекеттік архивтерінен деректі материалдар тапсырылып жатыр.

Мұнда 2022-2023 жылдары арасында барлығы 715 мыңға жуық іс қабылданады деп күтілуде. Бүгінгі таңда Архивке ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің 260 мың ісі сақтауға түсті. Бұл құжаттарды құпиясыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда, сондай-ақ оларды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда тарихшы-ғалымдар мен архившілерден құралған топ «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» көптомдығы бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл басылымның ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми ауқымын кеңейтетіні анық. Мемлекет басшысы тарихымызды зерделеу ісінде бұл құжаттардың маңыздылығын атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі.