22.04.2024

Президент Архивінің Францияға іссапары

16–18 сәуір аралығында Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина бастаған делегация Париж қаласына жұмыс сапарымен барды. Іс-сапар Халықаралық архивтер кеңесінің шақыруымен жүзеге асты. Делегация Халықаралық архивтер кеңесі мен Франция Ұлттық архивінің қызметімен танысып, ынтымақтастық негізінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

 16 сәуірде Архив директоры Қазақстанның Париж қаласындағы ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Тұрақты өкілі А.С. Абдрахмановпен кездесті. Кездесу барысында Архив пен ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесе және басқа да халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту келешегі талқыланды. Сондай-ақ Тұрақты өкілдіктің бағдарламасы бойынша Архив директорының ЮНЕСКО Бас директорының байланыс және ақпарат жөніндегі көмекшісі Тауфик Джелассимен кездесуі өтті. Шарада ЮНЕСКО-мен екіжақты серіктестікті дамыту, аталған ұйым басшылығының биыл 1-4 қазан аралығында Алматы қаласында өтетін Қазақстан архившілерінің ІІ халықаралық Конгресі жұмысына қатысуы, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясындағы қызметті қайта жандандыру және Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдерінің сарапшылары үшін Конгресс аясында «Әлем жады» бағдарламасы және құжаттық мұраны цифрландыру мәселелері бойынша тақырыптық семинар ұйымдастыру мәселелері пысықталды.

17 сәуірде Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.М. Арыстанқұловамен кездесіп, Президент Архиві пен Францияның Ұлттық архивінің арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды дамыту мәселесі талқыланды.

 Екі ел архивтеріндегі Қазақстан мен Франция тарихына байланысты құжаттармен алмасуды ұйымдастыру, Елшілік арқылы Архив құжаттарын тарихи-құжаттық көрмелер ұйымдастыру арқылы насихаттау, әртүрлі себептермен Францияда өмір сүріп, қызмет еткен қазақ зиялыларының тағдыры мен тарихына қатысты құжаттық мұраларды, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Франция жеріндегі партизан отрядтарында болған, концлагерлерде тұтқында ұсталған қазақстандық әскери тұтқындарға қатысты деректерді іздестіру туралы пікір алмасты.

18 сәуірде Архив директоры Халықаралық архивтер кеңесінің атқарушы директоры Карлос Серрано Васкеспен кездесті. Кездесуде ХАК-тың Орталық Азия елдері үшін өңірлік бөлімшесін ашу туралы Архивтің бастамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Халықаралық архивтер кеңесінің қолдауымен өтетін Қазақстан архившілерінің ІІ халықаралық Конгресі туралы пікір алмасты.

 18 сәуірде Архив директоры Франция Ұлттық архивінің директоры Брюно Рикармен кездесті. Кездесуде екі мекеме арасында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум жасау, оның аясында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, архивтік құжаттармен алмасу, құжаттық көрмелер, архив мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту жобаларын ұйымдастыру мәселесі айтылды. Сонымен қатар делегация үшін Ұлттық архив қызметімен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды.