11.04.2024

Президент Архиві мен ХАТУ меморандумға қол қойды

2024 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің басқарма төрағасы - ректоры А.Қ. Хикметов қол қойды. 2009 жылы құрылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті Қазақстанның IT саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Аталмыш оқу орны ASIIN неміс агенттігінің халықаралық институционалдық аккредитациясына ие, бұл дегеніміз университет түлектерінің дипломы шет мемлекеттерде мойындалады. Қазіргі уақытта ХАТУ-да бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 5000-нан астам студент білім алуда. Меморандум мақсаттарының бірі – архивтердегі цифрландыруды дамыту, инновацияларды енгізу. Мәселен, архив жұмысына бағытталған бағдарламалар мен қосымшаларды дайындау сынды бірлескен жобаларды іске асыру көзделіп отыр.