04.04.2024

Президент Архиві Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай көрме дайындады

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві көрме дайындады. Көрме 2024 жылғы 3 сәуірде Республикалық Достық үйінде «Академик Қ.И. Сәтбаев феномені және ХХ ғ. Отандық ғылым: қазіргі ұстанымдар мен пәнаралық зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының аясында қойылды. Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Қасенов Бөлеген Әбікейұлы таныстырды. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Философия, саясаттану және дінтану институты бірлесіп ұйымдастырды.

Көрмеге Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметтік жолы көрсетілген құжаттары қойылды. Оның өмірбаяны, кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағы, жазған хаттары, Сібір технологиялық институтын аяқтағаны туралы куәлігі және т.б. құжаттары қойылды. Сонымен қатар алғашқы рет жұбайы Таисия Алексеевна Сәтбаеваның ғалымға жазған хаттары ұсынылды. Жақындарымен, достарымен және жұмыс барысында әріптестерімен бірге түскен фотосуреттерін де көруге болады. Көрмедегі негізгі құжаттар Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған Қаныш Имантайұлының жеке тектік қорынан алынды.