20.10.2023

Қонаев құжаттары Президент Архивіне тапсырылды

https://egemen.kz/article/351224-qonaev-qudgattary-prezident-arkhivine-tapsyryldy

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Күрделі кезеңде Қазақстанды басқарған тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға берілді.

Қазақстанның саяси тарихы көрініс тапқан құжаттарды Дінмұхамед Ахметұлының мұрагері, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Қонаев тапсырды. Осылайша, Президент Архиві мен Диар Қонаев арасында құжаттарды сыйға тарту келісімшарты жасалды. Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина Д. Қонаевтың құжаттарын өткізуге шешім қабылдағаны үшін Диар Асқарұлына алғысын білдірді. Мемлекет қайраткерінің жеке құжаттарын қабылдап алған архив директоры құнды дүниенің ретке келтіріліп, жүйеленетінін жеткізді.
– Бұл – Қазақстан халқының ұлттық мерекесіне айналған Республика күнімен тұспа-тұс келген үлкен тарихи оқиға. Дінмұхамед Ахметұлының баға жетпес мұрасы Президент Архивінің құнды құжаттар қатарына қосылады. Құжаттар архивке берілгеннен кейін ғылыми сараптама жасалып, оларға өңдеу жүргіземіз, сондай-ақ кеңейтілген ғылыми-анықтамалық аппарат көмегімен толыққанды тізімдемелер жасаймыз. Барлық құжатқа сипаттама беріліп, олар мемлекеттік есепке алынады. Құжат¬тар негізінде Президент Архивінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке тектік қоры жасалады. Бұл қайраткердің өмірбаянын толық зерделеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел тарихына жаңа деректер мен дәйектер қосылатынын білдіреді, – деді Әлия Мұстафина.
Диар Қонаев Архивке тапсырылған фотоальбомдар мен хаттардың бір легі ғана екенін, алдағы уақытта Д. Қонаевтың жеке архивінде сақталған өзге де құжаттар, зерттеу жұмыстары мен суреттері Президент Архивіне берілетінін айтты.
«Бұл құжаттар мен фотоальбомдарды осы уақытқа дейін көзімнің қарашығындай сақтадым. Президент Архивіндегі құжаттарды сақтау¬дың талаптары мен шарттарын көріп, ұнаттым. Сондықтан тарихи құжаттар қауіпсіз әрі сенімді жерде болуға тиіс деп шештім. Архивке берген хаттар мен фотосуреттердің көпшілігі еш жерде жарияланбаған. Бұл – құжаттардың бір бөлігі ғана, алдағы уақытта өзге құжаттарды да Президент Архивіне өткіземін», деді Диар Қонаев.



Президент Архивіне тапсырылған отбасылық және жұмыс сапары барысында түсірілген 80-ге жуық фотоальбом, қолжазбалар мен хаттарда қызықты мәліметтер бар. Мысалы, Д. Қонаевтың 1984 жылы Жапонияға барған сапарын баяндаған жеке альбомда сол кездегі жапондық жаңа технологиялармен танысу сәтін байқауға болады. Техникалық музейде кішкентай түрлі-түсті теледидар және бейнедискпен танысқан сәті түсірілген фотосуреттерде Дінмұхамед Ахметұлының оларға мұқият зер салып қарап тұрғанын көреміз.
Альбомдардан бөлек, Д.Қонаевқа қазақ даласының түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден жолданған хаттарды көруге болады. Зиялы қауым өкілдерінен, ақындар мен жазушылардан да арнаулар бар. Хаттарының арасында ақын, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 1966 жылы 8 сәуірдегі мына құттықтау хаты көзге ерекше түседі:
«Ал, Димаш, құттықтаймыз қадамыңды!
Айтпаймыз жағынғалы саған мұны.
Тұз-дәмін туған елдің ақтай білгін
Сендей-ақ болсын әрбір қазақ ұлы!».
Ақындардың мұндай өлең арнауы да бекер емес. Себебі, Дінмұхамед Қонаев – билік басында болған уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірген ірі саясаткер.
Президент Архивіне тапсырылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұрасы – ел тарихы мен болашақ ұрпақ үшін ең асыл қазына. Оның құжаттары Ұлттық архив қорының бірегей мұрасына айналары күмәнсіз.


АЛМАТЫ