31.10.2023

«Құжат. Архив. Ақпараттық қоғам» ғылыми-тәжірибелік конференциясы

2023 жылғы 26-27 қазанда Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде «Құжат. Архив. Ақпараттық қоғам» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның ашылуында ҚР Президенті Архивінен Оқу-әдістемелік орталығының аға сарапшысы Мақатова Ж.А. құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық отырыста т.ғ.к., профессор Бурова Е.М., т.ғ.д., профессор Ларин М.В., т.ғ.д., профессор Хорхордина Т.И., т.ғ.д., профессор Ланской Г.Н., п.ғ.д., профессор Мақатова Ж.Ә. және т. б. баяндамаларын ұсынды. Конференция барысында архив ісі саласындағы нормативтік-құқықтық базаның өзекті мәселелері, құжаттану және архивтанудың терминологиялық мәселелері, сабақтас ғылымдармен және ғылыми пәндермен өзара байланыс, архив ісіндегі ақпараттық технологиялар, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету және архив ісі саласындағы білім беру мен кәсіби қызмет стандарттары және т. б. сұрақтар талқыланды.

Секциялық отырыстарға ҚР Президенті Архивінің Қолданбалы және ғылыми жобалар орталығының басшысы, т.ғ.д. Әлімгазинов Қ.Ш., ғылыми қызметкерлер Шотаев М.Т., Мақанбаев Т.Д., Жолдасов А.Т. және т. б. сырттай қатысты. Конференцияның екінші күні Мосархив роботтық архив кешенінде өтті. Мәскеу қаласының Бас архив басқармасы және Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері конференция қатысушыларын архив қоймасымен таныстырып, архивтік құжаттарды есепке алу, пайдалану және сақтау мәселелерімен байланысты архив мекемесі қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Конференция жоғары кәсіби және ғылыми-әдістемелік деңгейде өтті. Конференцияның қорытындысы бойынша архив ісі және құжат айналымы саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру және жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді.