28.09.2023

Ұлытау төрінде архившілердің байқауы басталды

2023 жылғы 28 қыркүйекте «Ұлытау – түркі өркениетінің жерұйығы» тақырыбындағы жас архившілердің V республикалық байқауы басталды. Тартысты бәсекеге 4 команда қатысып отыр: Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің «Қыран», Жетісу облысының мемлекеттік архивінің «Жетісу жұлдыздары», Атырау облысының мемлекеттік архивінің «Атыраулық архившілер», Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің «Сарыарқа» командалары. Байқаудың салтанатты ашылуында «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ә. Омар, Астанадан арнайы барған байқаудың құрметті қонағы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р. Сариева және ҚР Президент Архиві директорының орынбасары Р. Карибжанова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау тапсырмалары 4 кезең бойынша өтеді. Бүгін алғашқы 2 кезеңінде қатысушылар бақ сынады. Байқаудың алғашқы кезеңі сәлемдесуде команда мүшелерінің әртістік қабілетті пайдалана отырып команданың таныстырылуы. Екінші кезеңде Қазақстан Республикасындағы архив саласына қатысты заңнамалар, архив мекемелері жұмысының нормативтері мен регламенті бойынша 30 тест сұрағы қойылды.

29 қыркүйекте байқаудың 3,4-ші кезеңдері жалғасын табады. Үшінші кезеңде командалар «Ұлы даланың Ұлытауы» тақырыбындағы Ұлытаудың ғажайып табиғаты, тарихи орындары, тарихи тұлғалары, табиғат сыйлаған өзге де құпиялары, аңыздары жайлы көрініс қояды. Байқаудың соңғы кезеңі «Туған өлкем – тұнған тарих» презентациясы көрсетіледі. Әр өңірдің өзіне тән тарихы, шежіресі, сан қилы құпиялары бар, бұл жерде әр команда өздерінің өңірінің тарихы жайлы архив саласымен байланыстыра отырып мәлімет беріледі. Командалардың қарымын бағалаған қазылар алқасының құрамында тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Р. Сариева, ҚР Президент Архиві директорының орынбасары Р. Карибжанова, «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» архив ісі бөлімінің басшысы Э. Жанпейісова, Ұлытау облысы тарихи-археологиялық музей көрме залымен мекемесінің басшысы З.Калменова және Ұлытау облысы мемлекеттік архивінің басшысы Д. Орынбасарова болды.