05.03.2024

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту: ҚР Президентінің Архиві мен АҚШ Ұлттық архивтер және құжаттама басқармасы (NARA) арасындағы тәжірибе алмасу

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы - Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина, Архив қорын қалыптастыру қызметінің басшысы Г. Ж. Мұқажанова және Цифрландыру және электрондық архивтерді дамыту қызметінің басшысы Қ. М. Қабарова АҚШ Ұлттық архивтер және құжаттама басқармасының (National Archives and Records Administration - NARA) шақыруымен Вашингтон қаласында іс-сапарда. 4-5 наурыз күндері қазақстандық делегация 1934 жылы президент Франклин Д. Рузвельт негізін қалаған және АҚШ үкіметінің қызметі барысында қалыптасқан құжаттар мен материалдардың сақтаушысы болып табылатын АҚШ Ұлттық архивіне барды. NARA сапары аясында АҚШ архившісінің орынбасары Уильям Дж. Босанкомен (William J. Bosanko) кездесу өтті. Уильям Дж. Босанко мырза АҚШ-тағы архив ісін басқару функциялары және Ұлттық архив құжаттарын сақтау, жинақтау және пайдалану бойынша басқарушылық функцияларды біріктіретін NARA құрылымы туралы кеңінен баяндады. Кездесу барысында ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина Архив қызметі, екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.Атап айтқанда, 2014 жылғы қараша айында Архив пен Холокост мемориалдық музейі (АҚШ) арасында ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылған. Ал 2017 жылғы ақпан айында ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері алғаш рет АҚШ-тың архив және кітапхана мекемелерінде болып, жұмысымен танысты. 2022 жылы Қазақстан архившілерінің бірінші халықаралық Конгресінің жұмысына NARA зерттеу қызметінің атқарушы директоры Крис Нейлор қатысты. Ә.Қ. Мұстафина Президент Архивінде АҚШ-тан келген зерттеушілер - танымал ғалымдар мен америкалық университеттердің магистранттары жұмыс істейтінін атап өтті. Мысалы, Архивте ұзақ уақыт бойында АҚШ профессоры, кеңестік кезеңдегі ғылыми зерттеулердің авторы Дональд Рейли жұмыс істеген.

Сонымен қатар, Архив директоры 2024 жылғы 1-4 қазанда Алматы қаласында өтетін "Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» тақырыбындағы Қазақстан архившілерінің II халықаралық Конгресінің күн тәртібіндегі негізгі тақырыбына тоқталды. Сонымен қатар Ә.Қ. Мұстафина Конгреске қатысу үшін келесі тақырыптар бойынша сарапшыларды шақырды: өзгермелі климаттың архивтік ортаға әсері, мұра институттарының халықаралық құқық жүйесіндегі және қоғамның тарихи жадын қалыптастырудағы рөлі, кәсіби архивтік білім және деректерді басқару жүйесі. Архив қорларын жинақтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, құжаттардың сақталу шарттарымен, оның ішінде реставрациялау жұмыстарымен танысу мақсатында Президент Архивінің делегациясы NARA-ның зерттеу кешені мен ғылыми зертханаларына барды. Өзінің ғылыми зертханасы бар, ғалымдар әртүрлі материалдарды консервациялау және сақтау, олардың жойылуының алдын алу бойынша зерттеулер жүргізетін Мұра бөлімінің жұмысы үлкен қызығушылық тудырды. NARA зерттеулерінің тағы бір бағыты қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологияларға бағытталған. Осы бағыттағы зерттеулер деректерді сақтайтын түрлі форматтардың өзгеруі мен ескіру жылдамдығын байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, делегация АҚШ тарихындағы ең маңызды құжаттар - Тәуелсіздік декларациясы, Конституция және құқық туралы Билль сақталатын NARA музейіне барды. Олар Еркіндік хартиясының Ротондасында орналасқан және NARA-ға саяхат кезінде америкалықтармен қатар шетелдік туристерге де қолжетімді. Сондай-ақ бұл жерде қарапайым азаматтардың жазбалары да, мысалы әртүрлі кезеңдерде қызмет еткен әскерилердің жазбалары, тіпті Алясканы сатып алу кезіндегі күші жойылған чектер де ашық қолжетімділікте сақталады. Сапар аясында Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі үшін жеке бағдарлама дайындалды. ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері Архив қызметі туралы таныстырылым, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүйесінің шет елдердегі мекемелеріндегі ведомстволық сақтау және құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша семинар-тренинг өткізді.