Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясы тарихынан

02.03.2021

Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясы тарихынан

2021 жыл Қазақстан үшін – ерекше жыл: еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығындағы негізгі жетістіктер – достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың бейбіт және сындарлы саясатын жүргізе отырып, Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде орнығуы болып табылады. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйелеріне кіре алады және олардың қызметіне қатысады »- деп көрсетілген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді, елдің егемендігін нығайту және Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі мақсаттары мен бағыттарын жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасалды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды орындау мақсатында және сыртқы саясат бағытын, республиканың шет елдермен қатынастарының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы», «Елшілік туралы», «Төтенше және Өкілетті Елшінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» Қазақстанның дипломатиялық қызметінің негізгі нормативтік құжаттары бекітілді. Бұл құжаттар дипломатиялық қызметтің мәртебесін, мақсаттарын, міндеттерін, құрылымын және Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асырудың басқа да мәселелерін анықтайды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан бейбіт сыртқы саясатты жүзеге асырып келеді, оның нәтижесі ядролық зымыран арсеналынан бас тарту болды. Қазақстан дипломатиясының негізгі векторлары: еуропалық, американдық, азиялық. 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясының қорытындысы бойынша 46/224 резолюциясымен Қазақстан Республикасы БҰҰ, 1992 жылы мамырда - ЕҚЫҰ мүше болды, 1993 жылы 2 ақпанда Еуропалық Одақпен (ЕО) дипломатиялық қатынастар орнатылды, 1995 жылы 12 желтоқсанда Ислам Конференциясы Ұйымына (ИЫҰ) қосылды. Қазақстан Республикасы халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаһандық іс-шаралардың бастамашыларының бірі болып табылады, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) өткізу үдерісіне жетекшілік етеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Республикасының дипломатиясы елдің әлемдік аренадағы позициясы мен беделін нығайтқан нақты нәтижелерге қол жеткізді. Ядролық қарусыздану, этносаралық және конфессияаралық диалогтың жаңа моделі және көпвекторлы сыртқы саясат стратегиясы мемлекеттік дипломатияның айрықша белгілеріне айналды. Осы қағидаттардың нәтижесін 2010–2012 жылдардағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) және Ислам ынтымақтастық ұйымында (ИЫҰ) бір мезгілде төрағалық ету мүмкіндігіне ие болды. 2016 жылы 28 маусымда 2017–2018 жылдарына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алуын қазіргі заман тарихындағы қазақстандық дипломатияның жетістігі деп атауға болады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ондаған ірі іс-шаралар өткізілді, оған түрлі елдер мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Мемлекеттің дипломатиялық қызметінің негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған құжаттардан білуге болады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің (№ 5 Н Қор) және Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің (№ 7 Қор) қорларында республикадағы саяси, экономикалық жағдай, шет елдермен сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның басқа мемлекеттермен екіжақты және көпжақты қатынастары туралы ақпарат беретін құжаттар бар. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қорының (№ 75-Н Қор) дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдармен қатынастар, Қазақстан Республикасының басқа елдермен дипломатиялық қатынастарды орнату және дамыту туралы құжаттары үлкен қызығушылық тудырады. Сондай-ақ, Қазақстан дипломатиясының тарихы жеке тектік қорларда сақталған. Қазақстанның дипломатиялық қызметі өкілдерінің қорларында М.И. Исиналиевтің, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі (1981–1989 жж.), Қазақстан Республикасының ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі (1992–1999 жж.) (175-НЛ Қ.); Т.С. Сүлейменовтың, Сыртқы істер министрі (1992–1994) (234-НЛ Қ.); Б. Тайжанның - КСРО-дағы Йемен Халық Демократиялық Республикасындағы елшіліктің бірінші хатшысы, бас консулы, кеңесшісі (1985–1989 жж.), Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары (1991–1993 жж.) (231-НЛ Қ.); С.А. Құрманғожиннің, КСРО Сыртқы істер министрлігі Бас хатшылығының кеңесшісі (1978–1984 жж.), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (1992–1993 жж.) (276-НЛ Қ.); Қ. Сұлтановтың, Қазақстан Республикасының ҚХР, КХДР және Вьетнамдағы Төтенше және өкілетті елшісі (1995–2001 жж.) (261-НЛ Қ);С.Д. Пірімбетовтің, Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (2008–2013 жж.) (221-НЛ Қ.) жеке қорлары жатады. Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты Өкілі А.Х. Арыстанбекованың дипломатиялық қызметі Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 274-НЛ жеке қорында ұсынылған.

Фотосуретте: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  АҚШ Президенті Дж.Бушпен кездесуі. Мамыр, 1992 ж. (Вашингтон, АҚШ). ҚР ПА, Қ. 274-НЛ, Т. 1, Іс. 38.