21.06.2021

ТМД жас архившілерінің IV Жазғы Мектебі (1-ші күн)

2021 жылдың 21 маусымында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өту аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (Мәскеу қ., Ресей) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе отырып, ТМД елдері жас архившілерінің IV Жазғы мектебінің салтанатты ашылуын онлайн форматта өткізді.
Жазғы мектептің ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Ж. Ү. Әбдіқадырова, РМГУ-нің ғылыми жұмыс жөніндегі бірінші проректоры О. Павленко, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих факультетінің деканы М. С. Ноғайбаева, Бүкілресейлік құжат айналымы және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының директоры П. Кюнг, ҚР Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, ТМД жас архившілер Жазғы Мектебінің негізін салушы Б.Ә. Жапаров форум қатысушыларына құттықтау сөздерін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Президенті кеңсесінің басшысы Н.Б. Онжанов және Корей ұлттық архивінің президенті Джэ Хи Чой форум тақырыбының цифрлық дәуірдегі өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға жұмыстарына табыс тілеп, құттықтау жолдады.
ТМД елдері жас архившілерінің IV Жазғы мектебіне Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Әзірбайжан, Армения, Белоруссия және Қазақстан архив мекемелерінің 270-тен астам мамандары қатысты. Жазғы мектеп сарапшылары Польша, Ресей, Финляндия, Оңтүстік Корея және Қазақстанның архив ісі бойынша жетекші практик-мамандары болды.

ТМД елдері жас архившілерінің IV Жазғы Мектебінің бірінші күні РМГУ тарихи-архивтік институтының кафедра меңгерушісі, т.ғ.д., профессор М. Ларин «Актуальные проблемы архивного хранения электронных документов» тақырыбында дәріс оқыды, Марии Складовской-Кюри Университетінің (Польша) Архивтану және қосалқы тарихи пәндер кафедрасының доценті А. Горак «Преимущества цифровой дипломатики в решении проблемы электронного документа» баяндамасын, ал ООО «ДИМИ-ЦЕНТР» (Ресей) бас директорының орынбасары, т.ғ.д. Ю. Юмашева «Технические требования на оцифровку подлинников архивных документов» атты дәрісін ұсынды.
Бұл дәстүрге айналған іс-шара жас архившілердің біліктілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға, архив саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталады.