08.03.2024

Франклин Д. Рузвельттің президенттік кітапханасында

7 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы Франклин Д. Рузвельттің президенттік кітапханасы мен музейіне арнайы барды. 1941 жылы 30 маусымда ашылған бұл мекеме Ұлттық архив және құжаттама басқармасына (NARA) қарайтын президенттік кітапханалардың бірі. Франклин Д. Рузвельт кітапханасының ашылуы АҚШ-тағы президенттік кітапханалар жүйесінің негізін қалаған.

Кітапхана директоры Уильям А. Харрис қазақстандық архившілермен кездесу кезінде президент Рузвельт президенттік құжаттардың тарихи маңызы зор мұра болатынын түсініп, оны сақтау қажет екенін нақтылаған.

ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина Архив бірнеше халықаралық жобаларды жүзеге асырып жүргенін атап өтті. 

 

Мысалы "Ашық қоғамға – ашық Архив" жобасы аясында конгресс, көрмелер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кездесулер ұйымдастырылады. Директор биыл қазан айында өтетін ІІ Конгреске дайындық жұмыстары басталғанын айта келе, америкалық әріптестерін форумға қатысуға шақырды. Әлия Құсайынқызы Франклин Д.Рузвельттің президенттік кітапханасы өкілдерін өз жұмыстары жайлы, оның ішінде оқушылар, студенттер, жастар, саясаткерлер мен ғалымдар қатысатын көптеген іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәжірибесі айтып беруге ұсыныс білдірді.

Креативті идеялар, заманауи технологиялар, баспа жобасындағы жаңашылдықтар қызықты әрі танымды болды.