19.04.2024

Тиімді басқару бойынша семинарлар өтті

ҚР Президенті Архиві мен жинақтау көздері ұйымдарының бірлескен іс - шаралар жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 16-19 сәуір аралығында Астана қаласында ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Жоғары Сот Кеңесі аппаратының және ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне арнайы семинарлар ұйымдастырылды. Семинарға іс жүргізу жөніндегі инспекторлар, кадр және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері, басқарма басшылары қатысты. Дәріскерлер ретінде Президент Архивінің қызметкерлері Қ.М. Мырзабекова, А.А. Ермағанбетова және Г. Ө. Құдайбергенова сөз сөйледі. Архившілер құжаттандыру мәселелерінде қызметкерлердің білімі мен кәсібилігін арттырудың маңыздылығын атап өтті, құжаттаманы басқару жүйесіндегі архив ісінің маңыздылығына тоқталды.

Семинар барысында басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру бойынша негізгі мәселелер талқыланды. Архив қызметкерлері осы саладағы мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық құжаттардағы өзгерістер туралы айтып өтті. Дәріскерлер «Істер номенклатурасын құру әдістемесі және мақсаты. Істерге құжаттарды қалыптастыру», «Таралуы шектеулі құжаттармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі негізгі талаптар», «Құжаттардың құндылығын сараптау және істерді ведомстволық сақтауға тапсыруға дайындау» тақырыбындағы баяндамаларында мемлекеттік органдарда іс жүргізу және архивтік сақтау ерекшеліктеріне баса назар аударды. Тәжірибелік мысалдарда тұрақты және уақытша сақтау мерзімдерінің тізімдемелерін дайындау түсіндірілді. Жиын соңында қойылған сауалдарға кеңінен жауап берілді.