01.04.2024

Армяндық әріптестер Ұлттық архивінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті

26-28 наурыз күндері Ереван қаласында Армения Ұлттық архивіне 100 жыл толуына орай ЮНЕСКО-мен бірлесе ұйымдастырылған «Архивтер: Адамзат жадысы» тақырыбындағы халықаралық архившілердің конференциясы өтті. Іс-шараға ЮНЕСКО, Халықаралық Архивтер кеңесі мен АҚШ, Болгария, Греция, Үндістан, Қазақстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан архивтерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафинаның Армения Ұлттық архивінің ұжымына құттықтауын ҚР Президенті Архивінің директорының орынбасары Ж.Ү. Әбдіқадырова жеткізді. Сонымен қатар, ол әріптестерін 2024 жылғы 1-4 қазан күндері Алматы қаласында өтетін «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында»  тақырыбындағы халықаралық Конгресіне қатысуға шақырды.


Халықаралық конференция аясында Армения Ұлттық архиві архивтік құжаттар көрмесін ұсынды. Ұлттық архив қорларында сақталған аса құнды құжаттардың альбомы шығарылды. Конференциядағы болған тәжірибе алмасулар қатысушы архившілердің ынтымақтастығын кеңейтуге, өзге де кәсіби алаңдарда жалғасатынына сенім білдірді.

Армения Ұлттық архивін 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Архившілердің маңызды мол мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтап отырған еңбектері үшін алғыс білдіреміз!