07.03.2024

Архив делегациясы АҚШ Конгресінің кітапханасында

6 наурызда ҚР Президенті Архивінің делегациясы АҚШ Конгресінің кітапханасына барды.
АҚШ Конгресінің кітапханалары кітап саны мен тақырыптық ауқымдылығы жағынан әлемдегі ең үлкен қорға ие. Кітапхана қорында ҚР Президентінің Архиві дайындаған архив құжаттарының жинақтары мен анықтамалық әдебиеттері де кездесетінін атап өткен жөн.
Конгресс кітапханасына сапар кезінде Таяу Шығыс және Түркі әлемі бөлімінің басшысы Джоан Уикспен кездесу өтті. Ол өз сөзінде қазақстандық архившілердің кітаптары Орталық Азия өңірін зерттейтін мамандар үшін бағалы басылым екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін, оның ішінде қағаз және цифрлық басылымдарын сақтау, кітапхана және архив деректерін жүйелеу мәселелері бойынша бірлескен білім беру жобаларын іске асыруды талқылады.
Архив делегациясына оқу залы мен кітап қоймаларының жұмысы, сондай-ақ Конгресс кітапханасының іздеу жүйесімен танысу мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырылды.