26.05.2023

А.Х. Арыстанбекованың мерейтойына арналған дөңгелек үстел

2023 жылғы 26 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызының мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Ақмарал Хайдарқызы ұзақ жылдар бойы мемлекеттік жауапты қызметтерде еңбек етті. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі, еліміздің тарихындағы алғашқы әйел-елші, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының алғашқы Тұрақты өкілі сияқты беделді қызметтерді атқарды. Бүгінгі күні ҚР Президент Архивінде А.Х. Арыстанбекованың жеке қоры сақталған. Қонақтарға осы құжаттардың негізінде Ақмарал Хайдарқызының қажырлы еңбектерін айғақтайтын тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.

Дөңгелек үстелді ҚР Президент Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина ашып, Ақмарал Хайдарқызын мерейтойымен құттықтады. Оның халықаралық саяси қызметтегі елеулі үлесі мен тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің қалыптасуына қосқан баға жетпес еңбегін атап өтті. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Б.Е. Бөлегенов елшінің отандық дипломатияға сіңірген еңбегі көпке үлгі екенін жеткізді. А.Х. Арыстанбекованың әріптестері, достары Қ.Е. Байзақова, Ш.У. Урумбаева, Г.А. Егембердиева, Ж.А. Тоқтарова, Л.В. Новиковская, М.К. Қасымжанова естеліктерімен бөлісіп, тілек-ниеттерін жеткізді.