31.05.2021

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды мәңгі есте сақтау мақсатында 1997 ж. 5 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осыған орай 2021 ж. 31 мамырында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Мемориалды тақтайшаға гүл қойылған соң, Архив директорының орынбасары Қ. Ш. Әлімғазинов 1930 жж. қасіреттің мәні мен тарихы туралы қысқаша айтып берді. Қазақстанда 1921–1954 жж. аралығында 103 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың қатарында қазақтың зиялы қауым өкілдері: белгілі ғалымдар, мәдениет өкілдері мен саяси қайраткерлері болды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында 1937–1938 жж. ату жазасына кесілген Партия тарихы институтының қызметкерлері І. Құрамысов, Ә. Лекеров, Н. Манаев, С. Сейфуллин, Ғ. Ысқақовта бар еді. Олар Қазақстанның саяси тарихы бойынша құжаттарды іздеп табу мен сақталуын қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Бұл есімдер Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде орнатылған мемориалды тақтайшада мәңгілікке жазылды. Бүкіл саналы ғұмырын Совет өкіметі мен коммунистік партияға қызмет етуге арнаған қазақ даласының «қызыл сұңқары» Сәкен Сейфуллин де осы қызыл қырғынның құрбаны болды. Сәкен Сейфуллин (1894–1938) Ақмола облысында малшы отбасында дүниеге келді. 1916 ж. Омбы мұғалімдер семинариясын бітірді. 1917–1918 жж. Ақмола уездік атқару комитетінің төрағасы, төралқа мүшесі, халық ағарту комиссары қызметін атқарды.Осы жылы коммунистук партия қатарына кірді. 1918–1919 жж. Колчак өкіметі кезінде абақтыда отырған. Сонан кейін концлагерьге кесілген.

1919–1920 жж. Кеңес өкіметінің органдарын ұйымдастыруға қатысқан. 1920–1921 жж. ҚырОАК Президиумының мүшесі. 1922 ж. сәуірінен ҚАКСР Халық ағарту халық комиссариатының алқа мүшесі. 1922 ж. маусымынан қазанына дейін ҚАКСР халық ағарту халкомының екінші орынбасары. 1922 ж. қазанынан 1924 ж. қарашасына дейін ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы, әрі 1922–1923 жж. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы. 1924–1926 жж. ҚАКСР Халық ағарту халық комиссариатының Ғылыми комиссиясының төрағасы. 1926–1927 жж. БК(б) П Қазөлкеком Парттарихкомының меңгерушісі. 1927–1929 жж. Қазақ халық ағарту институтының директоры, Ташкент ағарту институтының ректоры. 1935 ж. «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басшыларының бірі. 1937 ж тұтқындалып, 1938 ж. ақпанында ату жазасына кесілді. 1957 ж. наурызда ақталды. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде С. Сейфуллиннің өмір жолындағы құжаттары мен фото суреттері сақталған. С. Сейфуллиннің Омбы мұғалімдер семинариясын бітіруі туралы куәлігі, ҚазАКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы С. Сейфуллинің жеке карточкасы, БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің С. Сейфуллинді Партия тарихы бөлімінің меңгерушісі қосымша қызметіне тағайындауы туралы хаттамасы, С. Сейфуллиннің БКП (б) Қазақ өлкелік комитетіне әдеби шығармашылықпен айналысу үшін оны партиялық тапсырмалардан босату туралы өтініші, «С. Сейфуллинді халық жауы ретінде әшкерелеу және партия қатарынан шығару туралы» Қазақстан КП (б) Алматы қалалық комитеті хаттамасы, Г. Б. Сейфуллинаның С. Сейфуллинді КОКП қатарына қалпына келтіру туралы өтініші, Қазақстан КП ОК жанындағы Партиялық комиссияның С. Сейфуллинді партиялық қатынаста қайтыс болғаннан кейін ақтау туралы қорытындысы және т. б. құжаттары сақталған.