15.04.2024

Ұ.Ж. Құлымбетов отбасының қасіреті: қызы О.Қарабалина-Қазыбаевамен кездесу

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарының туыстарымен кездесу ұйымдастырып отырады. 2024 жылғы 12 сәуірде Архивтің ХХ ғасырдағы саяси құғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығы еліміздің қоғамдық, мемлекеттік, саяси қайраткері, «Үлкен террор» заманында қазақ халқының мүддесі үшін қуғынға ұшыраған, 1938 жылы ату жазасына кесіліп, 1958 жылы ҚСРО Жоғарғы сотымен ақталған Ұзақбай Құлымбетовтің қызымен кездесу өткізді. Кездесуге тарих ғалымдары, Архив қызметкерлері мен Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Кездесудің қонақтары ретінде – Қазақстанның құрметті ұстазы, Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Қарабалина-Қазыбаева Орынша апай, ҚР ҰҒА академигі Х.М. Әбжанов пен ҚМПУ доценті, т.ғ.д. С. Смағұлова шақырылды. Кездесуді құттықтау сөзімен ҚР Президенті Архивінің директорының орынбасары Ж.Ү. Әбдіқадырова ашып, Қазақстан тарихында орын алған 1930-шы жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі жайында қысқаша айтып өтті. Одан кейін Алматы TV каналы дайындаған «Сынған тағдырлар дәуірі: Ұзақбай Құлымбетов» атты фильм-репортаж көрсетілді.

Орталық басшысы Г.Р. Нұрымбетова өз кезегінде Ұ.Ж. Құлымбетовтің өмірі мен қызметі жайында Қазақстан Республикасы Президенті Архиві қорларында сақталған құжаттар негізінде әңгімелеп берді. Кездесу барысында Орынша апай әкесі туралы, оның қайғылы тағдыры туралы естелігімен бөлісіп, «халық жауы» қызының қиыншылыққа толы өмірі жайлы айтып берді. Әңгіме барысында кездесуге қатысушылар Орынша апайға көптеген сұрақтар қойып, әсіресе оның бауырларының кейінгі өміріне деген қызығушылық танытты. Кездесу ҚР ҰҒА академигі Х.М. Әбжанов пен т.ғ.д. С. Смағұлованың Ұ.Ж. Құлымбетовтің отбасы мүшелерінің тағдыры және оның Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі жайында әңгімелерімен жалғасты. Кездесуді қорытындылай отырып, Президент Архивінің директорының орынбасары Ж.Ү. Әбдіқадырова мен Орталықтың басшысы Г.Р. Нұрымбетова келген қонақтарға алғыс білдіріп, жас ұрпаққа маңызы зор болатын осындай дәстүр әрі қарай жалғастыра берілетіндігіне сенім білдірді.