16.09.2021

«Қазақстан – халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» дөңгелек үстелі

2021 ж. 14 қыркүйекте ҚР Президенті Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы М. Жылгелдинов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві ұйымдастырған «Қазақстан – халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» атты Дөңгелек үстелге қатысты. Шара Қазақ КСР Президентінің «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығының 30 жылдығына орайластырылған. М. Жылгелдинов «Семей сынақ ядролық полигонының тарихы архив құжаттарында» тақырыбындағы баяндамамен және архив құжаттары негізінде дайындалған таныстырылыммен сөз сөйледі. ҚР Президентінің Архивінде Семей сынақ ядролық полигонының, «Невада – Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының тарихына қатысты құжаттар кешені сақталуда. Олардың қатарында Қазақ КСР Президентінің «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығының түпнұсқасы, Семей обкомы хатшыларының Республика, КСРО басшылығына жазған хаттары, анықтамалар, дәрігерлер комиссиясының ядролық жарылыстардың салдары туралы ақпараттары мен қорытындылары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың әртүрлі халықаралық форумдарда сөйлеген сөздері, жазған хаттары, сөздерінің жазбалары және т. б. бар.

Осы құжаттар негізінде 2007 жылы Архив тарапынан «Из истории Семипалатинского полигона. 1951−1992 гг.» құжаттар жинағы дайындалып, жарияланды. Оның құрамына Архивтің бастамасымен 2004−2008 жж. жұмыс істеген Ведомствоаралық комиссия жұмысының нәтижесінде құпиясыздандырылған құжаттар енді. 2011 жылы бұл жинақ Семей сынақ ядролық полигонына қатысты Тәуелсіздік жылдарындағы құжаттармен толықтырылып, «Казахстан за безъядерный мир» деген атаумен қайта басылып шықты. Жинаққа 1952−2010 жж. аралығын қамтитын құжаттар енді. Бұл құжаттардың біршама бөлігі аталған шара аясында тарихи-құжаттық көрмеде көпшілік назарына ұсынылды.