Құрметті зерттеушілер!
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві
Астана қаласы — Мәңгілік Ел даңғылы, 15
Алматы қаласы — Достық даңғылы, 87Б
оқу залдарында құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жұмыс уақыты: 9:00-ден 17:30-ға дейін (дүйсенбі – жұма, түскі үзіліс: 13:00–14:30). Айдың соңғы жұмасы – санитарлық күн.
Зерттеушілерге "Электрондық архив" ақпараттық-іздеу жүйесі арқылы құжаттар тек электрондық форматта ұсынылады.
Электрондық істер тізімдемелерімен Архив Президентінің ресми сайтындағы "Қорлар" → "Электрондық каталог" бөлімінде танысуға болады.
Оқу залының жұмыс режимі туралы қосымша ақпарат archive.president.kz сайтында орналастырылған.
Анықтама үшін байланыс телефондары:
+7 (7172) 57-36-60 (Астана)
+7 (7272) 64-26-75 (Алматы)
Қазақстан Республикасы Президенті Архиві
оқу залы жұмысының регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Президенті Архиві оқу залы жұмысының регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 9 ақпандағы № 808 «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті Архиві туралы ережеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 9 тамыздағы № 215 бұйрығымен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архив құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларына сәйкес әзірленді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының (бұдан әрі – ҚР ҰАҚ) құжаттарын пайдалану қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Регламенттің мақсаты зерттеушілердің архивтік құжаттарға қол жеткізу тәртібін белгілеу, зерттеушілердің тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасау, сондай-ақ зерттеушілер мен Қазақстан Республикасы Президенті Архиві (бұдан әрі – Архив) қызметкерлерінің мінез-құлқы мен міндеттерін регламенттеу болып табылады.
4. Архивтік құжаттар және оларға ғылыми-анықтамалық аппарат зерттеушілерге Архивтік ақпаратты ұсыну қызметіне (бұдан әрі – Қызмет) қарайтын оқу залы арқылы беріледі. Оқу залының жұмысын Қызмет басшысы және Архив директорының жетекшілік ететін орынбасары бақылайды.
5. Оқу залының қызметкері зерттеушілерді осы Регламентпен таныстыруға міндетті.
2. Оқу залының жұмыс тәртібі
6. Оқу залы дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 17:30-ға дейін, сағат 13:00-ден 14:30-ға дейінгі түскі үзіліспен жұмыс істейді. Айдың соңғы жұмасы – санитарлық күн.
7. Оқу залына кіру белгіленген тәртіппен берілген рұқсатнаманы көрсету арқылы жүзеге асырылады.
3. Зерттеушілерді рәсімдеу тәртібі
8. Оқу залында жұмыс істеуге рұқсат алу үшін зерттеуші оны жіберген ұйымның ресми хатын (қатынас хатын) ұсынады. Хатта зерттеушінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, ғылыми дәрежесі/атағы, зерттеудің мақсаты, тақырыбы және оның хронологиялық шеңбері көрсетіледі (үлгі – 1-қосымша). Хат ұйымның бланкісінде ресімделіп, оның басшысы не уәкілетті тұлға қол қояды. Ресми хатқа ғылыми жетекші немесе ғылыми кеңесші куәландырған зерттеу жоспары қоса беріледі.
Жеке бастамасы бойынша ғылыми жұмыс жүргізетін жеке тұлғалар зерттеудің мақсатын, тақырыбын және хронологиялық шеңберін көрсете отырып, Архив директорының атына өтініш береді және жеке басын куәландыратын құжатты қоса ұсынады (үлгі – 2-қосымша).
Жоғары оқу орындарының білім алушылары архивтік құжаттармен жұмыс істеу қажеттілігі негізделген, зерттеудің мақсаты, тақырыбы және хронологиялық шеңбері көрсетілген, ректор немесе проректор қол қойған оқу орнының хаты негізінде рәсімделеді (үлгі – 3-қосымша).
Шетелдік зерттеушілер оларды жіберген ұйымның қатынас хатын ұсынған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей талаптармен оқу залында жұмыс істеуге жіберіледі. Бұдан басқа, шетелдік зерттеушінің жіберілуі зерттеудің мақсаты, тақырыбы және хронологиялық шеңбері көрсетілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Архив директорының атына жолдаған ресми хатымен келісілуге тиіс.
9. Оқу залында жұмыс істеуге рұқсатты Архив директоры немесе оның орынбасары ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейінгі мерзімге (31 желтоқсанға дейін) береді.
10. Рұқсат алынғаннан кейін оқу залының қызметкері зерттеушіні «Электрондық архив» бірыңғай ақпараттық-іздестіру жүйесі (бұдан әрі – ЭАБАІЖ) арқылы электрондық оқу залында тіркейді. Зерттеушіге ғылыми-анықтамалық аппаратпен танысуға және тапсырыстарды ресімдеуге мүмкіндік беретін жеке кабинетке кіру үшін логин мен құпиясөз беріледі.
11. Рұқсатты жыл сайын ұзарту жаңа ресми хаттың (немесе өтініштің) негізінде жүргізіледі. Зерттеу тақырыбы өзгерген кезде де осындай тәртіп қолданылады.
12. Зерттеу тақырыптарын, қорларға жүгіну жиілігін талдау және статистикалық есеп жүргізу мақсатында әрбір зерттеушіге жеке іс ашылады.
4. Зерттеушінің архив қорлары мен құжаттарына қол жеткізу тәртібі
« д13. Архив зерттеушілерге сұратылған тақырып бойынша көпшілік пайдалануына ашық архив қорлары мен құжаттарға, ғылыми-анықтамалық аппаратқа, сондай-ақ оларды қарау және көшіру үшін тиісті техникалық құралдарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Құжаттармен жұмыс істеуге жіберілген зерттеуші Регламентпен танысады, зерттеушінің сауалнамасын (үлгі – 4-қосымша) толтырады және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады. Зерттеуші ұсынған материалдар оның жеке ісіне тігіледі.
Оқу залына әр келген сайын зерттеуші келушілерді тіркеу журналына қол қояды.
14. Зерттеуші ұсынған құжаттарды Архив жеке өмірге қол сұғылмау құқығын сақтай отырып, библиографиялық анықтамалар, өмірбаяндар және жарияланымдар дайындау үшін пайдалана алады.
15. Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының 16-бабына сәйкес архив қорларымен жұмыс істеу кезінде мынадай санаттағы құжаттарға қол жеткізу шектеледі:
1) мемлекеттік құпияларды немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын құжаттарға;
2) жеке тұлғаның жеке және отбасылық құпиясы, жеке өмірі туралы мәліметтерді, сондай-ақ оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәліметтерді қамтитын құжаттарға;
3) иелері Архивке тапсыру кезінде шартта қол жеткізу мен пайдаланудың ерекше талаптарын белгілеген құжаттарға;
4) аса құнды құжаттардың түпнұсқаларына, сондай-ақ физикалық жай-күйі қанағаттанғысыз құжаттарға.
16. Архив уақытша (ведомстволық) сақтаудың 15 жылдық мерзімі аяқталғанға дейін сақтауға келіп түскен құжаттарға, сондай-ақ «ҚПҮ» (қызметтік пайдалану үшін) белгісі бар құжаттарға қол жеткізуді шектейді. Мұндай материалдарға қол жеткізу үшін тиісті мекеме – қор құрушының жазбаша рұқсаты қажет. Зерттеуші мұндай мекемеге жазбаша сұрау салумен өз бетінше жүгінеді.
17. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, монополияға қарсы органдардың, төреліктің, соттардың, прокуратураның, сондай-ақ өздерінің іс жүргізуіндегі істер бойынша өзге де уәкілетті органдардың сұрау салулары бойынша құжаттар Архив директорының немесе оның орынбасарының рұқсаты алынғаннан кейін беріледі.
Бұл құжаттар зерттеушілерге мекеме-қор құрушының немесе оның құқықтық мұрагерінің жазбаша рұқсаты негізінде де берілуі мүмкін.
18. Жеке тұлғаның талабы бойынша оған қатысты барлық құжаттар танысу үшін ұсынылады, сондай-ақ олардың көшірмелері берілуі мүмкін.
19. Есепке алынбаған және сипатталмаған құжаттар зерттеушілерге берілмейді.
5. Істерді беру және архивтік құжаттарды көшіру тәртібі
20. Архивтік құжаттардың физикалық сақталуын қамтамасыз ету мақсатында олардың көшірмелері (микрофильм, микрофиша, электрондық бейне) болған жағдайда зерттеушілерге тиісті тасымалдағыштардағы көшірмелер беріледі; түпнұсқалар берілмейді.
Оқу залындағы анықтамалық-ақпараттық және өзге де баспа басылымдары зерттеушілерге сұрау салынған күні беріледі.
21. ЭАБАІЖ-де тіркелген зерттеушілер тапсырыстарды «Себет» функциясын пайдалану арқылы қалыптастырады. Бір мезгілде тапсырыс берілетін істердің ең көп саны – 20 (жиырма) іс, сақтау мерзімі – бір айға дейін.
ЭАБАІЖ-де архивтік құжаттарды көшіру «ЭАБАІЖ арқылы көшіруге рұқсат» арнайы қалтасына жүктеу арқылы жүзеге асырылады. Әрбір зерттеуші өз атына жеке қалта ашып, көлемі 100 бетке дейінгі құжаттарды жүктейді.
22. Көшіруге тапсырыстарды зерттеушілер арнайы бланкіде ресімдейді (үлгі – 5-қосымша). Толтырылған бланкіге зерттеуші қол қояды.
Оқу залының қызметкері жүктелген файлдарды тексергеннен кейін тапсырыс бланкісі мен файлдары бар қалта Архив директорына немесе оның орынбасарына келісуге беріледі. Тапсырыста құжаттардың іздестіру деректері көрсетіледі.
23. Көшірілген құжаттардың тізбесі зерттеушінің жеке ісіне тігіледі.
Шетелдік зерттеушілер жасаған архивтік құжаттардың көшірмелерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету (жөнелту) заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
24. Архив ісін толық көлемде көшіруге жол берілмейді. Бір істің жалпы көлемінің 30 %-ынан аспайтын электрондық көшірмелерін жасауға рұқсат етіледі.
Бұрмалауға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке қолтаңбалары көшірілмейді.
25. Жеке қорлардағы құжаттарды көшіру құжаттарды Архивке тұрақты сақтауға тапсырған қор құрушылар немесе олардың құқықтық мұрагерлері белгілеген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
6. Оқу залында жұмыс істеу тәртібі
26. Оқу залына келген кезде зерттеуші белгіленген жұмыс режимін сақтайды және келушілер журналына қол қояды. Құжаттарды пайдалану кезеңінде олардың сақталуына зерттеуші дербес жауапты болады.
27. Зерттеуші өзін қызықтыратын тақырып бойынша архив қорларының құрамы мен мазмұны жөнінде консультация алуға, қажетті үзінділер мен жазбалар жасауға, әдебиеттер мен баспа басылымдарын пайдалануға құқылы.
28. Архивтік құжаттарды ғылыми еңбектер мен жарияланымдарда пайдаланған кезде зерттеуші дереккөздің архивтік шифрын көрсетеді және құжаттардың мазмұнын ғылыми және көпшілік ортада, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау кезінде объективті түрде жеткізеді.
29. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында зерттеуші Архив ғимаратына кірген кезде жеке заттарын (сөмке, портфель және т.б.) мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлеріне тексеруге ұсынады. Барлық жеке заттар мен ұялы байланыс құралдары кілтпен жабылатын арнайы сақтау ұяшықтарына тапсырылады.
Оқу залына тек дәптер (блокнот және т.б.) мен қалам алып кіруге рұқсат етіледі.
30. Оқу залында ұялы байланыс құралдарын (телефон, интернет және т.б.) пайдалануға, Архив жабдығына сыртқы құрылғыларды қосуға, автоматтандырылған жұмыс орнының баптауларын өзгертуге қатаң тыйым салынады.
Оқу залында қатты сөйлесуге, жұмыс орнында тамақ пен сусын ішуге, басқа зерттеушілер мен Архив қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға, сондай-ақ өзінің есептік жазбасын басқа тұлғаға беруге жол берілмейді.
31. Архивтік құжаттар негізінде жарияланым дайындаған зерттеуші Архивке библиографиялық анықтаманы немесе тиісті басылымның бір данасын ұсынады.
32. Зерттеуші жарияланымда ұсынылған ақпараттың пайдаланылған архивтік құжаттарға сәйкестігі үшін жауапты болады.
33. Осы Регламент бұзылған жағдайда зерттеуші Архивтің оқу залындағы жұмыстан уақытша немесе тұрақты түрде шеттетілуі мүмкін. Қолжетімділікті шектеу туралы шешімді Архив басшылығы зерттеушіні жіберген ұйымды (бар болса) хабардар ете отырып қабылдайды.
34. Құжаттар ұрланған, бүлінген, жойылған немесе зақымданған (қасақана да, абайсызда да), сондай-ақ оларға рұқсатсыз өзгерістер енгізілген жағдайда жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.