БАҚ жаңалықтары, Баспасөз орталығы
Жастар архивтануды меңгере бастады
https://aikyn.kz/2018/04/16/49457.html
Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде архивтану тақырыбы бойынша студенттердің қалалық үшінші олимпиадасы болып өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студент-жастардың шығармашылық қабілеті мен архившы-құжаттанушы мамандығына бейімділігін таразылау болды.
Олимпиадаға қатысушы жастардың алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Борис Жапаров архивтану тақырыбына арналған биылғы олимпиаданың маңызы айрықша екендігіне кеңінен тоқаталып, студент-жастарға архивтанушы мамандығының қыр-сырына барынша терең үңілу, байыпты зерделеу қажеттігін жан-жақты әңгімелеп берді.
–Тәуелсіз еліміздің өркенді дамуында Қазақстан Республикасы Президенті архивінің, жалпы барлық архив қызметінің мәні мен маңызы зор. Себебі, архивте еліміздің кешегісі мен бүгінгі тарихы туралы сыр шертетін тарихи құжаттар сақталады. Егер мемлекетіміздің тарихын таразылап-зерттеймін, ғалым боламын дейтін адам болса, онда сөз жоқ, оның өзіне қажетті барлық тархи құжаттар мен тарихи фотоларды дәл осы архивтен табатыны даусыз. Ал биылғы олимпиаданың өткізілуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ізгі мақсаттарға жауап береді. Мемлекет аяқ басқан технологиялық революция дәуірінде әрбір жас мамаманның жетістігі мен қабілеттілігі нақты айқындала түсетіні анық. Өйткені, қазіргі уақытта білім өмірлік жетістіктің маңызды факторына айналып отыр. Сондықтан да қазақстандық жастардың басты құндылығы білім болуы тиіс, – деп Борис Әлікенұлы студент-жастарға архивтану олимпиадасында биіктен көрінулеріне тілектестігін білдірді.
Реті келгенде айта кетсек, Елбасы архивінің ұжымы еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттермен қоян-қолтық жұмыс жасап, оларға кәсіби бағдар беру бағытында бірқатар маңызды іс-шараларды атқаруда. Мұнда тарих факультетінің студенттері үшін арнайы өндірістік практика ұйымдастыру жолға қойылған. Сонымен қатар архивтің оқу залында студенттердің архивтік құжаттар негізінде курстік және дипломдық жұмыстарға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуіне де мүмкіндік берілген. Студенттерге осындағы тәжірибелі мамандар ақыл-кеңес беріп, әрбір тақырыпты қалай ашуға болатындығын жан-жақты үйретіп отырады.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық аграралық университеті, Алматы көп салалы колледжі және Алматы сервистік колледжі студенттерінен құралаған жеті команда қатысып, өздерінің білім-біліктерін сарапқа салды. Сайыс барысында студенттер «Таныстыру» және «Үй тапсырмасы» деп аталатын екі турда «Мәдени кеңістіктегі архивтік құжатты қоғамдық түсінікте жаңғырту», «Цифлы Қазақстан: архивтану мен құжаттанудың бүгіні» деп аталатын ғылыми бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының Президенті архивіндегі құжаттардың негізінде дайындалған зерттеу жобаларын қорғады. Сөйтіп, архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру тақырыбы бойынша өткен III қалалық студенттік олимпиадада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Асыл мұра» командасы бірінші орынды, «The nation memory» командасы екінші орынды, «Барыс» командасы үшінші орынды жеңіп алды. Ал өзге командалар арнайы номинациялармен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан командаларға бір реттік стипендиялар тағайындалып, естелік сыйлықтар тапсырылды. Ең басты шешім – Қазақстан Президенті архивінің кадрлық резервіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Әйгерім Айтова лайықты деп табылды. Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Алматы қалалық орталық мемлекеттік архивінің ұжымдары демеушілік көрсетті.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ,
(Суреттерді түсірген автор)
Айқын, 17.04.2018