06.04.2021

БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ағымдағы жылдың 7 сәуір күні адам баласының алғаш ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орай «Байқоңыр ғарыш айлағы» атты дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара онлайн форматында ұйымдастырылған. Осыдан дәл 60 жыл бұрын, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағынан 1961 жылдың 12 сәуірінде «Восток-1» ғарыш кемесі сапарға аттанған еді. Адамзат тарихында алғаш рет жер орбитасын айналып ұшқан бұл сапардың жалпы ұзақтығы небәрі 108 минутқа созылған болатын, ғарыш кемесінде Кеңес одағының аға лейтенанты Юрий Алексеевич Гагарин болған еді. Бұл оқиға бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып, Юрий Гагариннің аты аңызға айналды. Ал, Байқоңыр ғарыш айлағының стратегиялық маңызы арта түсті. 1961 жылдан бері 40 шақты мемлекеттен 560-тан аса космонавттар мен астронавттар ғарышқа сапар шеккен. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі: Тоқтар Әубәкіров (1991 ж.), Талғат Мұсабаев (1994, 1998, 2001 жж.) және Айдын Айымбетов (2015 ж.) бар.

Байқоңырдан 150-ден аса басқарылатын ғарыш кемелері, үш мыңнан аса зымыран тасығыштар ұшырылған. Бүгінгі таңда дүние жүзінің бірқатар елдерінде ғарыш айлақтары бар, нақты айтқанда ұзын саны 25. Дегенмен, басқарылатын ұшырылымдарға арналған ғарыш айлақтары көп емес, солардың ішінде: Байқоңыр, Канаверал мүйісінде орналасқан Кеннеди атындағы ғарыш орталығы, Қытайдағы Цзюцюань және т.б. бар. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған «Байқоңыр – ғарыш айлағы» атты тарихи-құжаттық көрме таныстырылады. Байқоңыр ғарыш айлағының тарихына қатысты 1961-2015 жылдарды қамтитын бірқатар құжаттар көрмеге алғаш рет қойылады. Құжаттар зерттеушілер үшін Қазақстан тарихының маңызды белестерінің жаңа қырларын ашып, құнды дерек көзі болмақ. Көрменің электрондық нұсқасымен Архив сайтында танысуға болады. Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік архив, дипломатиялық корпус өкілдерімен қатар ғалымдар, студенттер және ЖОО орындары мен мектеп ұстаздары, оқушылар қатысады. Басталуы: сағат 11.00 Анықтама үшін: +7 (727) 264 26 75, +7 7017495054