27.03.2023

Жас зерттеушілер Президент Архивінде

Өткен жылы Балалар жылы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмыстарының байқауын өткізуге бастамашы болған еді. Байқауды қорытындылау «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты І Халықаралық архившілер Конгресі аясында ұйымдастырылды (2022 ж. 19–21 қазан).

Биыл да дәстүрді жалғастыра отырып, Архив Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлестікте, қаладағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» атты ІІ байқауын жариялады. Іс-шараның мақсаты – жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының интеллектуалдық және тұлғалық дамуы, олардың тарихты оқыту саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістері мен тәсілдерін меңгеруі, жастарды Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық тарихқа қатысты деректі дереккөздерді, туған жер, отбасы туралы деректі дереккөздерді зерттеу мен сақтауға тарту болып табылады.


27 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде зерттеуші Р.Р. Шаяхметовпен кездесу ұйымдастырылып, оған Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары шақырылды. Ринат Равильұлы Шаяхметов – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған (1946–1954) Жұмабай Шаяхметовтің немересі. Ол сонымен қатар 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві тарапынан дайындалып, жарияланған «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» құжаттық жинағының құрастырушыларының бірі. Ринат Равильұлы ғылыми-зерттеу жұмысында отбасылық архивтің алатын орны ерекше екенін айта келе, өзінің отандық және шетелдік архивтердегі көп жылдық тәжірибесі, зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері туралы айтып өтті. Жас зерттеушілер құжаттармен жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оларды талқылады, сонымен қатар байқауға қатысудан алған әсерлерімен бөлісті. «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» байқауы оқушылардың ғылыми жобаларды дайындауда тәжірибесі мен құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді және мұндай кездесулер олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа ізденістер мен идеяларға шабыттандырады.