30.06.2022

Жаңа жинақ астанамыздың тарихына арналды

2022 жылдың 30 маусымында Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві дайындаған «История столицы независимого Казахстана в архивных документах» құжаттар жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі, оның мемлекеттің басты саяси орталығы ретінде қалыптасуына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінің құжаттары жинақталып, енгізілген.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, бұл басылымда елорданы көшіру кезіндегі жүзеге асырылған ауқымды жобалардың нәтижелері мен Ақмола қаласының тарихына қатысты деректердің жарияланғанын айтап өтіп, осы жиынды өткізуге бірлесіп атсалысқан Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар, қалалық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Қала тарихы астаналық архивтің фотоқұжаттарында» көрмесі ұсынылды. Көрмеге қатысушылар 1832 жылы Ақмола округтік бұйрығы шыққаннан бастап қазіргі Қазақстан астанасының бүгінгі күнге дейінгі тарихымен танысты. Іс-шара Астана күніне орай ұйымдастырылды.