22.04.2022

Архивтегі жастармен кездесу

21 сәуірде ҚР Президентінің Архивінде «Архив және қоғам» циклі бойынша тақырыптық кездесуі өтті. Кездесуге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Цифрлық тарих» мамандығының оқытушылары мен магистранттары қатысты. Шараның шымылдығын ҚР Президентінің Архиві директорының орынбасары Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы ашты. Ол өз сөзінде Архив пен ҚазҰПУ- дің арасында сенімді серіктестік орнағанын атап өтті. Оқу орнының профессорлары мен оқытушылары Архивтің ғылыми Кеңесіне мүше екенін, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға қатысатынын және ЖОО студенттері үшін Архив есігі әрдайым ашық екенін тілге тиек етті.
Кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» Жолдауындағы міндеттемелер жөнінде пікір алмасу болды. Архив қызметкері Ақжан Исаева Жолдауда айтылған негізгі мәселелерге тоқталып, архив саласының электрондық нұсқасының жаңару үрдісін баяндап берді. Ол мемлекет басшысының қоғамды дәйекті түрде демократияландырып, Жаңа Қазақстанды бірге құруда жастардың ықпалы зор екенін атап өтті. Келесі сөз сөйлеген магистрант Артық Құрманалиев үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталатынына тоқталып, даму жолына түскенімізге сенім білдірді. Оның пікірінше, Жолдау біздің болашағымызды айқындайтын, бағытымызды бағдарлайтын құжат болғандықтан, елдің дамуы үшін әр адам еңбек етуі қажет. Қатысушылар да жоғарыда сөз сөйлегендердің пікірімен келісіп, Жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысатынын жеткізді.

Сонымен қатар қонақтарға Қазақстанның БҰҰ-ға кіргеніне 30 жыл толуына орай «Қазақстан халықаралық аренада» көрмесі ұсынылды. Көрмеде Архив қорынан алынған ресми құжаттар мен хаттар, тарихи фотосуреттер қойылды. ҚР Президентінің Архивінің құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Қасенов Бөлеген Әбікейұлы көрмені таныстырып, ондағы құжаттардың барлығы саяси тарихымыздағы елеулі сәттердің жиынтығы екенін баяндап берді. Сондай-ақ жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Шара барысында Архив қызметкерлері магистранттарға тарихи құжаттардың электронды үлгісін жасайтын құрылғыларды көрсетіп, мекеме жұмысындағы жаңашылдықтармен таныстырды. Ескі құжаттар қалай сақталады, оларды цифрландыру қалай жүреді, мұрағаттардың электронды нұсқасын қалай алуға болады деген сауалдар төңірегінде түсіндіру нұсқаулықтары таныстырылды.
Аталған шара болашақ мамандардың Архив ісіне қызығушылығын оятып, елінің тарихын зерттеп білуге ынталандырды. Тарихшылар алдағы диссертациялық жұмыстарына өзек болатын ақпараттарға қанықты. Кездесу соңында ҚазҰПУ оқытушылары мен магистранттары танымдық іс-шара ұйымдастырған ҚР Президентінің Архивіне алғыстарын білдірді.