17.06.2022

Жас архившілердің V Жазғы мектебі өз жұмысын қорытындылады

17 маусымда Жазғы мектептің соңғы күнінде Архив заңнамасын цифрлық трансформациялау бойынша дәрістер жалғасын тапты. Бұл күні қатысушылар Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтының архивтану бөлімінің меңгерушісі, т. ғ. к. Лада Афанасьеваның «Ресей Федерациясындағы нормативтік базаны өзгертуге цифрлық трансформацияның әсері», Назарбаев Университеті гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры, т. ғ. д. Николай Цыремпиловтың «Жоғалып бара жатқан қолжазбаларды іздеу: Шығыс Сібір мен Қазақстандағы археографиялық жұмыс», Моңғолия Бас архив басқармасы мониторинг, талдау және бағалау бөлімінің аға маманы Амаржавтан Петруштың «Ақпараттық қоғамдағы цифрлық орта және архивтік құжаттарды цифрландыру процесі» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.
Архив мекемелерінің мамандарына арналған жыл сайынғы дәстүрлі тренингке биыл 400-ге жуық маман қатысты. Жыл сайын Жазғы мектепке қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді. Бұл құжаттарды түгендейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылатындығының көрінісі деуге болады.

Білім беру жобасына биыл Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген жас мамандар қатысты. Оларға Беларусь, Қазақстан, Қытай, Корея, Моңғолия, Ресей және Өзбекстанның жетекші сарапшылары дәріс оқыды.
V Жазғы мектептің соңғы күні қатысушыларға 2510 метр биіктікте орналасқан Алматының ең әсем жері Шымбұлақта сертификаттар табысталды. Оған ұйымдастырушы мекеме басшылары – Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры А.Х. Мұстафина, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ж. Қ. Түймебаев және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ректоры А. Б. Безбородов қол қойған.
Ұйымдастырушылар 2023 жылы өтетін VI Жазғы мектеп дәстүрлі форматта өтетініне сенім білдіріп, жас архившілерді келесі жылы да өзара тәжірибе алмасуға, білімдерін толықтыруға шақырды.