15.09.2022

Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына орай

Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқарұлы Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Архив және қоғам. Тәуелсіз Қазақстан тұлғалары: Асанбай Асқаров» көрмесін ұйымдастырды. Көрме оның туған жері Жамбыл облысы Мерке ауылында 2022 жылғы 15 қыркүйекте А.А. Асқаровтың есімі берілген № 1 мектеп-гимназиясында көпшілікке ұсынылды. Көрме Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімдігі дайындаған мерейтойлық іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Көрмеде Асанбай Асқаровтың өмірі, қоғамдық және қызметтік іс-әрекеттері бейнеленген құжаттары ұсынылды. Бұл А.А. Асқаровтың халық депутаттары Кеңесі облыстық атқару комитетінің және Жамбыл облыстық Коммунистік партия комитетінің төрағасы, Алматы, Шымкент облыстық Коммунистік партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген кезеңіндегі қызметтік құжаттары, сондай-ақ А. Асқаровтың Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И. Брежневпен, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевпен топтағы фотосуреттері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев және басқа да белгілі тарихи тұлғалармен фотосуреттері жарияланды. Құжаттардың ішінде – А.А. Асқаровтың қамауға алынған кезіндегі туыстарымен және жақындарымен хат алмасуы, отбасылық фотосуреттері және оның есімін мәңгілікке сақтауға қатысы бар құжаттар берілген. Көрмеге қойылған материалдар Асанбай Асқаровтың ҚР Президентінің Архивінде сақтаулы жеке қоры құжаттарының шағын бөлігін құрайды.

Іс-шараға қатысушыларды Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының ғылыми қызметкері Аян Жолдасов көрме құжаттарымен таныстырды. «Архив және қоғам. Тәуелсіз Қазақстан тұлғалары: Асанбай Асқаров» тарихи-құжаттық көрмесі жұртшылыққа А.А. Асқаровтың өмірі мен қызметінің архивтік құжаттарымен таныстырып қана қоймай, өз өмірін мемлекетке және адамдарға қызмет етуге арнаған ерекше адамға құрмет білдіруге арналған. Мерейтойлық іс-шаралар легі «Туған жердің туын биіктеткен тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен ҚР Президент Архивінің құжаттары да қолданылған «Асанбай Асқаров. Құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының тұсаукесерімен жалғасын тапты. Жалпы ҚР Президенті Архиві 1998 жылдан бастап Қазақстанның мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттарын жинақтап келеді. Бұл үлкен жұмыстар «Архив және қоғам» цикілінің аясында ұйымдастырылған бағыттардың бірі. Олардың қатарында Ә.М. Әлібеков, Ә.Т. Әлімжанов, А.Х. Арыстанбекова, О.Б. Батырбеков, Х.Ш. Бектұрғанов, С.О. Жандосов, С.С. Жиенбаев, Б.Ә. Әшімов, М.Қ. Қозыбаев, С.Қ. Нұрмағамбетов және т.б. бар. Алдағы қазан айының 19-21 аралығында халықаралық мамандардың қатсыуымен алғаш рет Қазақстан архившілерінің Конгресі өтеді. Конгрес жұмысындағы талқыланатын басты бағыттардың бірі – «Архив және қоғам» тақырыбындағы мәселелері болады.