06.05.2022

Студенттік пәндік олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау

Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Алматы көпсалалы колледжі студенттерінен құралған бес команда қатысып, өздерінің білім-біліктерін сарапқа салды. Сайыс екі кезеңнен тұрды: «Таныстыру. Топ атауы, ұраны» және «Үй тапсырмасы. Ғылыми жобаны қорғау». Олимпиада алғаш рет ҚР Президентінің Архивінде 2016 жылы ұйымдастырылған болатын. Мақсаты – студенттерді ғылымға қызықтыру, олардың шығармашылық қабілеттерін ашу, зияткерлік әлеуетін өсіру және архившы-құжаттанушы мамандығының мәртебесін көтеру. Биылғы жылдың Олимпиада қорытындысы бойынша Алматы көпсалалы колледжі студенттерінің «Құжат шеберлері» (жетекшісі Жұмақова Гүлзат Саматқызы, капитаны Албыртқызы Гүлмира) тобы бірінші орынға, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Documentum» командасы (жетекшісі Нұрпеисова Бақыт Еслямбекқызы, капитаны Кеңесбаева Ділназ) екінші орынға және «Innovation» (жеткешісі Жүгенбаева Гүлбану, капитаны Алпамысқызы Арай) тобы үшінші орынға ие болды. Ал өзге «Decision», «JasStar» командалары арнайы номинациялармен марапатталды.

Ағымдағы жылдың 5 мамырында білімі мен тапқырлығы бойынша бақ сынасқан жеңімпаздарды марапаттау салтанаты ҚР Президенті Архивінде өтті. ҚР ПрезидентіАрхиві директорының орынбасары Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтарды табыстады. Іс-шарада Алматы көпсалалы колледжі студенттерінің «Құжат шеберлері» тобының жетекшісі Жұмақова Гүлзат Саматқызы «Жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық және республикалық деңгейдегі олимпиаданың біздің болашақ мамандар үшін маңызы өте зор. Студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, болашақ мамандыққа деген мақтанышы мен қызығушылығын арта түсері сөзсіз. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Қазақ Ұлттық Университетіне алғысымыз шексіз. Ынтымақтстығымыз арта берсін!» – деп сөз сөйледі. Қазақстан Республикасы Президенті Архиві ұйымдастырған осы және басқа да іс-шаралар болашақ мамандар мен отандық жас архивистер үшін үлкен мектеп болып табылады. Сондықтан алдағы жылдарда өтетін студенттер сайысында да бүгінгі жеңімпаздарымыз жаңа жеңістер мен жетістіктерге жетеді деп сенеміз