12.03.2021

«Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорлары» семинары

2021 жылдың 11 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттарын пайдалану мәселелері бойынша семинар өтті. Шара Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесімен бірлестікте видеоконференцбайланыс түрінде ұйымдастырылды. Семинардың негізгі дәріскері ҚР Президенті Архивінің директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова Архивтің Оқырман залында Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталып, зерттеушілердің қор құрамымен қашықтан Архивтің сайты арқылы танысуға мүмкіндіктері бар екендігін атап өтті. Сонымен қатар Архивтің Алаш қозғалысының тарихы бойынша, 1939−1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық, 1930−1940 жылдардағы Қазақстанға күштеп қоныс аударуларға қатысты жобалары туралы айтып өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының негізгі тақырыптары осы мәселелермен астасып жатқанына да баса назар аударды. Семинарға қатысушылар Архив жұмысына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, бірқатар мәселелер бойынша қызу пікірталас туындады. Қатысушылардың көпшілігі ҚР Президенті Архивіндегі зерттеушілердің жұмыс істеуі үшін жасалған жағымды жағдай туралы ерекше атап өтті.

Өткен ғасырдағы Қазақстан тарихының қасіретті оқиғаларына қатысты құжаттар негізінен ҚР Президенті Архивінің 139, 141 және 708 қорларында топтастырылған. Аталған қорларда сақтаудағы архивтік құжаттар құжаттық жинақтарда жариялану арқылы белсенді түрде ғылыми айналымға енгізілуде. Осындай құжаттық жинақтың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлестікте дайындалған «Депортациялар тарихынан» құжаттық жинағы. Жинақтың 1930−1945 жж. аралығын қамтиын үш кітабы жарыққа шыққан, төртінші кітабын дайындау жұмыстары қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Жұмыс топтары мүшелерінің өтініші бойынша жинақтың үш кітабы Архив сайтына орналастырылады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің жетекшісі С.А. Қасымов өз сөзінде ҚР Президенті Архивінде жұмыс істеуге жасалған жағдай туралы көптеген ғалымдардың жағымды пікірін жеткізді және ҚР Президенті Архивінің құжаттарға қолжетімділікті ұйымдастырудағы тәжірибесі басқа да өңірлік, республикалық және арнайы архивтерге пайдалы боларын атап өтті. Семинар жұмысына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының мүшелері, ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері мен Ғылыми кеңесінің мүшелері қатысты.