22.07.2021

Сұлтан Жиенбаевтың туғанына 100 жыл

ҚР Президенті Архивінің Басқарма басшысы Жәнібек Зейнелов

2021 ж. 22 шілдеде ҚР Президенті Архивінің қорқұрушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Сүлейменұлының туғанына 100 жыл толады. Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев (1921-2018) жайында жазуыма себепші болған ол кісінің ҚР Президенті Архивінің қорқұрушысы болуымен қатар, осыдан бес жыл бұрын 95-жасқа толуына орай Архив тарапынан құттықтап барған кездегі ізгілік ниетпен айтқан сөздері, өнегелі, тәрбиелік мәні бар әңгімелерін естіп, жадымызда сақтап қалғаннан да болар.
Жеке қорлар және ондағы құжаттар кеңестік дәуір және қазіргі кезеңдегі саяси элита өкілдерінің өмірі мен қызметін және олардың республиканың дамуына қосқан үлесін көрсететін толықтыру көздерінің бірегей жиынтығы болып саналатыны баршаға мәлім. Демек біз осы қор құжаттары арқылы белгі бір оқиғалар мен фактілерді немесе сол бір кезендегі оқиғаларға қатысушылар мен куәгерлердің естеліктерін көрсете аламыз.
Сұлтан Сүлейменұлы Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Алматы қаласында құрылған атақты 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында соғыстан аман қалған және ауыр сынақтардан өткен аз адамның бірі. С.С. Жиенбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың батырлық ерліктері, өзінің жолдастары, еңбек жолы, өткен дәуірдегі белгілі тұлғалармен атқарған қызметтік тарихы баяндалған бірқатар өмірбаяндық кітаптардың авторы болып табылады. Сұлтан Сүлейменұлы ұзақ жылдар бойы Б.Ә. Әшімов, Ш.Ж. Жаныбеков, Д.А. Қонаев, Н.Ә. Назарбаев және басқа да мемлекеттің танымал тұлғаларының жанында қызмет атқарды.



1953 ж. С.С. Жиенбаев Мәскеу қаласындағы КСРО сауда министрлігінің Жоғары сауда мектебін сәтті бітіріп, нәтижесінде оның қызметі сауда, қаржы, тамақ, жеңіл өнеркәсіптік салаларда өтті. «Міндеттерді бөлу бойынша сауда органдарынан басқа мен жеңіл, тамақ және ет-сүт өнеркәсібінің, әкімшілік органдардың, азаматтық қорғаныс жүйесінің жұмысына жетекшілік еттім. Орта азиялық әскери округ құрылған кезде мен округ құруда күнделікті көмек көрсетумен тығыз айналыстым: облыстарда жер учаскелерін бөлу, әскери бөлімдерді орналастыру, оларды үй – жайлармен қамтамасыз ету және т.б.» – деп С.С. Жиенбаев Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымындағы жұмысы туралы естеліктерінде жазған. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін С.С. Жиенбаев Д.А. Қонаевтың ұсынысы бойынша 1985 ж. 15 ақпанынан бастап ескерткіштерді қорғау қоғамының Орталық кеңесінің президиумын 1988 ж. 22 шілдесіне дейін басқарды. 1992 ж. аяғында С.С. Жиенбаевтың бастамасы бойынша Д.А. Қонаевтың халықаралық қоғамдық қоры құрылып оның бірінші президенті болған еді. С.С. Жиенбаев қандай лауазымды атқарса да, ол өз жұмысына толықтай беріліп, атқарған салалардың қызметтерін жақсарту үшін білімі мен қабілетін пайдалануға тырысты. Ол Кеңестік Қазақстанның жоғарғы сайланбалы билік органдарының құрамына ене отырып, халық пен Отанның игілікті болашағы жолында ерен еңбек үлгісін көрсете білді.


С.С. Жиенбаевтың жеке архив құжаттары 2003 ж. 20 наурызда өз өтініші бойынша ҚР Президентінің Архивіне тапсырылған болатын.
Жеке қор құжаттарының арасында партиялық органдардағы, мемлекеттік мекемелердегі, ведомстволардағы және қоғамдық ұйымдардағы қызметін растайтын қызметтік куәліктері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан КП ОК, Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің мүшесі болып сайлануы туралы, Қазақ КСР, РСФСР ордендерімен, медальдарымен, құрметті атақтарымен және т.б. мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі және қоғамдық қызметтегі жетістіктері үшін ерекшелік белгілерімен наградтау туралы, әр түрлі шараларда сөйлеген сөздері, жазған мақалалары, баяндамалары және т.б. құжаттары бар. Аталған құжаттармен қатар Сұлтан Сүлейменұлының жеке қор құжаттар құрамы жеке суреттері және туыстарымен, әріптестерімен республиканың айтулы оқиғаларына арналған түрлі іс-шараларда, салтанаттардағы түскен фотосуреттермен толыққан.
Сұлтан Сүлейменұлының жеке архивтік құжаттары оның өмір ағысы барысында жасақталған ғұмыр тарихы, мемлекет және қоғамдық қызметтерінің белгілі бір саласы мен аясының дамуына қосқан үлесін көрсететін дереккөздер ретінде, ұлттық құндылықтарымыздың қатарында.
Сұлтан Сүлейменұлының жарқын бейнесі ардагер азамат, абыз ақсақал, қарымды қайраткер сияқты қасиеттерімен мәңгіге есімізде сақталмақ.